«Қиындықта ел бірге» жобасы аясында Құлсары қаласында баспана табысталды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жақында су тасқынынан зардап шеккен Жылыой ауданы, Құлсары қаласына арнайы келіп жергілікті халықпен жүздесіп, қиындықта мүфтият әрқашан елмен бірге екендігін жеткізген болатын.
Бас мүфтидің бастамасымен табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек те жеткізілді. ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйытқы болуымен “Ел үлесі – пәтерге” жобасы аясында 757 баспана Орынбаева Айгүл Бекесқызына табысталды.
Пәтер кілтін табыстау үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы арнайы келді.
«Өздеріңіз білетіндей, ҚМДБ төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өңірге сапары барысында қиындықта елмен бірге мүфтият тарапынан барлық көмектер көрсетілетінін айтып кетті. Бүгін Алланың қалауымен, ел-халықтың көмегімен «Қиындықта ел бірге» жобасы аясында беріліп отырған үшінші баспананы табыстап отырмыз. Еліміз аман, Алла Тағала қауіпсіз, бейбіт мекен қылғай» деді Кенжетай Байкемелұлы.
Сондай ақ, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ықыласын жеткізе отырып, мүфтияттың қолдауымен қиын кезеңде халыққа әрдайым демеу білдіріп, көмек қолын созған еріктілер қатарында еңбек еткен Аманжол Серікұлы мен Анар Сансызбайқызына үлкен қажылыққа жолдама табыстады.
Құлсары қаласы Жылыой мұсылмандары мешітінде 100 адамға бірінші кезектегі азық-түлікпен қайырымдылық көмек көрсетті.
Еске сала кетсек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Зекет және қайырымдылық қорының» ұйымдастыруымен бірнеше мәрте елімізде су басқан аймақтарға гуманитарлық көмек көрсетілген болатын.