ҰҒА президенті, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұрат Жұрыновпен білім саласының бүгіні мен болашағы жайлы сұхбаттасқан едік.
– Мұрат Жұрынұлы, сіздіңше адамның интеллектуалдық өресі туғаннан пайда бола ма, әлде өзін дамыту арқылы қалыптаса ма?
– Адамзат баласы жер бетінде пайда болған дәуірден бері оның ақыл-ойы, сана-сезімі, бүкіл болмысы білім алуға бейімделе бастаған. Ізденіс, зерттеу, әр іске ой жүгірту – адам табиғатында әу бастан көрініс тапқан құбылыстар.
Өйткені, Алла Тағала адамға ерекше сана берген. Құранды ашып оқысақ, көптеген сүреде білім алудың артықшылығы туралы айтылған. Тіпті, хадисте «Білім алу – мұсылман баласына парыз» деп жазылған.
Пайғамбарымыздың хадистеріне қарасаңыз, әр мұсылманды білім алуға шақырған. Сондықтан, білім алу – мәңгібақи күн тәртібінен түспейтін мәселе. Неге? Білімді озған, білімсіз тозған заман. Бұл аксиоманы өмірдің өзі дәлелдеумен келеді
. Ал сұрағыңызға қатысты менің жауабым: үнемі ізденіс пен зерттеудің арқасында адамға білім қонады. Кей тұлғалар тума талант болуы мүмкін. Бірақ оны шыңдап отырмаса, темірді тот басқандай, талант деген қабілет өздігінен төмендей береді. Барлық нәрсе еңбекпен келеді емес пе?
– Бір сұхбатыңызда «біздің халық 100 пайыз сауатты» депсіз…
– Бізде білім алуға мүмкіндік бар. Халқымыз өзге елдің азаматтары секілді сауатсыз емес.
1995 жылдары Білім және ғылым министрі болып тұрған кезімде АҚШ-қа іс-сапармен бардым. Сол кезде америкалық әріптесім: «Сіздерде халықтың қанша пайызы сауатты?» деп сұрады. Мен: «100 пайыз сауатты» деп жауап бердім. Расында солай ғой. Біздің елде оқи алмайтын, жаза алмайтын адам жоқ. Қазір халықтың көзі ашық, көкірегі ояу.
Сонда әлгі америкалық әріптесім таңқалды. Мен де сұрастырып көрсем, ол жақта халықтың 8 пайызы хат танымайды екен. Бұл көрсеткішті санмен есептесеңіз «Америкада 16 миллион халық сауатсыз» деген сөз. Бұл біздің халықтың санымен бірдей.
Пәкістанды мысалға келтірейін. 100 миллионнан астам халқы бар осы елде небары бір ғана техникалық оқу орны бар. Қалғаны – гуманитарлық бағытта оқытатын оқу орындары. Біздің елде 20-дан астам техникалық бағытта оқытатын университет пен институт бар. Алайда бұл көрсеткішпен тоқтап қалуға болмайды. Біз үшін ең басты мәселе – саннан сапаға көшу.
– Білім саласында сізді қандай мәселе алаңдатады?
– Соңғы кездері мені мазалап жүрген бір мәселе – оқу орындарын жабу немесе жекеменшікке өткізу. Оқу орнын жабуға негізгі себеп ретінде білім көрсеткішінің төмендігін алға тартады. Бұл қалай болғаны сонда? Институттың немесе университеттің рейтингі төмен болса оған ректор кінәлі емес пе? Не үшін ол оқу орнын жауып тастау керек?
Ректор нашар жұмыс істеген соң оқу орнының білім көрсеткіші төмен болатыны – заңды құбылыс. Сондықтан, мен институтты жауып тастаудан бұрын ректорды жұмыстан босату керек деген ұстанымды алға тартамын. Институтты шетінен жауып тастай берсек, ертең ондай оқу орындарын таппай қаламыз. Басшының немқұрайлығынан үлкен оқу орны жабылып жатса, онда білім алып, ғылыми ізденіп жүрген студенттің, жұмыс істеп, отбасын асырап отырған мұғалімнің не жазығы бар? Обал емес пе? Бір адамның немқұрайлығы қаншама жанның тағдырына әсер етеді…
Осы ретте біздің министр оқу орнын жауып тастағаннан гөрі мәселеге талдау жасап, білім сапасын көтеруге пәрмен беруі керек деп ойлаймын.
– Еліміздегі білім сапасын көтеру үшін бізге қандай қадам қажет?
– Біз әлемде ғылым және технологиялық даму дәрежесі бойынша 107-орында екенбіз. Бұл – үлкен мәселе, ойланатын жағдай. Екіншіден, білім саласын бизнеске айналдыруға болмайды. Кез-келген оқу орны табыс табудың құралы болмауы тиіс. Үшіншіден, ғылым қашан да мемлекеттің қамқорлығын қажет етеді. Әлем елдерінде ғылым академиясы мен ғылыми институт мемлекеттік мәртебеге ие. Бұл – көңіл бөлетін өзекті мәселе. Төртіншіден, білім мен ғылым қаржының күшімен дамиды. Мұнайдан түскен қаржының белгілі бөлігі міндетті түрде ғылымға жұмсалуы керек. Онсыз ғылыми жобалар жүзеге аспайды. Бесінші, білім саласындағы басшыларды тағайындау жүйесіне өз басым қарсымын. Басшылар конкурс немесе әділ сайлау арқылы қызметке қабылдануы тиіс. Бұлай болмаған жағдайда білімнің көсегесі көгермейді.
– Бүгінгі заманның жастары көп жағдайда ғалымға емес, әртіске еліктейді. Неге?
– Оның өзіндік заңдылығы бар. Өйткені, қазір ғалымдардың емес, әртістердің дәурені жүріп тұр. Олардың жеке өмірінің жарнамасы да телеарнаны, интернетті «жарып» тұр. Қазір теледидардың қай арнасын басып қалсаңыз да әртістерді көресіз. Олардың 3-4 арнайы арнасы бар емес пе? Барлық өсек-аяң, жалаңаштық, әдепсіздік, қазақшалап айтқанда, жын-шайтанның ісі сол жерде насихатталып жатыр. Ал еңбек озаттары қайда? Ірі зауыттарға табысты басшылық жасап жүрген директорлар, дүниежүзін мойындатқан ғалымдар мен жазушылар қайда? Оларға ерген талантты жас мамандар қайда? Міне, бізді осы сұрақтар ойландыруы керек. Қай заманда болсын, әр салада жетістікке жеткен адамдар қоғамның абыройлы тұлғаларына айналған. Сондықтан біз білім озаттарын көбірек насихаттауымыз керек. Адами құндылықтар қашан да біліммен, әдеппен, адамгершілікпен өлшенген.
Алла Тағала адамға ерекше сана берген. Құранды ашып оқысақ, көптеген сүреде білім алудың артықшылығы туралы айтылған. Тіпті, хадисте «Білім алу – мұсылман баласына парыз» деп жазылған.
– Құндылықтар дегеннен шығады, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумын өткізді. Осы форумда «Жеті рухани қазық» құжаты қабылданды. Жеті рухани қазықтың бірі «білімділік» деп аталады. Сіз қашан да білім мен дінді бір-біріне қарсы қоюға болмайтынын айтып жүресіз…
– Ислам озық ой мен прогрестің діні ретінде қай кезде де ғылыми-ағартушылық бағытты негіз етіп алды. Сондықтан да адамзатты білімге, оқуға үндеді. Қасиетті Құранның алғашқы аяты «Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деп басталуы да ойланғанға үлкен сабақ.
Ислам діні қоғамдағы кез келген келеңсіз мәселені шешуге қауқарлы. Қазір әлем елдері қарақшылықтан, ұрлық-қарлықтан, жезөкшелік пен нашақорлық дертінен айығудың жолын таппай, сарсаңға түсуде. Ал Ислам діні мұндай қатігездік пен күнәға жол бермейді. Сондықтан біз өз ата дінімізге деген көзқарасымызды түзеуіміз керек.
Сұхбаттасқан: Алғадай АРЫН