Намазда саптың түзу болуының мәні неде?

«Саптарың түзу болсын. Саптың түзулігі намаздың көркемдігінен».

Жабир ибн Сумрадан риуаят етілді:«Алла елшісі бір күні бізге: «Періштелердің Раббыларының құзырында сапқа тұрғанындай сапқа тұрмайсыңдар ма?» – деді. Біз: «Уа, Алланың елшісі, періштелер Раббыларының құзырында сапқа қалай тұрады?» – деп, сұрадық. Алла елшісі: «Алдыңғы қатарды толтырмай тұрып, келесі қатарға өтпейді және сапта бір-бірімен тығыз (жақын) тұрады».

Ибн Омардан риуаят етілді: «(Алла одан разы болсын!)

Алла елшісі былай деді: «Саптарың түзу болсын, иықтарыңды түйістіріңдер, араларыңда бос орын қалмасын. Араларыңдағы бос кеңістікті толтырғысы келген кісіге сығылысып, орын беріңдер немесе сапты түзеуге әрекет еткен адамның қолын қақпай, оларға жұмсақ болыңдар. Шайтанға бос жер қалдырмаңдар. Кім бос орынды толтыру үшін сапқа тұрса, Алла онымен жақсы мәміледе болады. Ал, кім де кім сапты үзсе, Алла да одан рақымын, нығметін үзеді». Бараа ибн Ъазибтан риуаят етілді. Ол былай деді:Алла елшісі (с.а.у.) сапты аралап жүріп кеуделеріміз бен иықтарымыздың түзулігін тексеріп көретін де былай дейтін: «Бытырап тұрмаңдар. Себебі, соның кесірінен жүректерің де ала-құла болады. Алла алдыңғы қатардағыларға рақым етіп, дәрежесін көтереді. Ал періштелер оларға игі дұға тілейді84».

Жоғарыда келтірілген риуаяттардан Алла елшісінің (с.а.у.) намазда қатарлардың түзу әрі жинақы болуына және алдыңғы қатар толмай жатып, келесі сапқа тұрмауға қаншалықты көңіл бөлгендігін байқаймыз. Алла елшісі жоғарыда Әбу Дәуідте келтірілген риуаятта және басқа да хадистерде сахабалардың тобықтарының бір-біріне тиіп-тимегендігіне емес, иықтар мен көкіректердің сапты бұзбауына, арада бос жер қалмауына, саптың жинақы әрі түзу болуына назар аударған.

Сондықтан, иықтарын бір-біріне түйістіргеннен кейін екі аяқтың арасын ары кетсе екі жауырынның арасындай қашық ұстауы тиіс. Екі аяқ арасының арақашықтығы Шафиғи мәзһабында бір қарыс, Мәлики және Ханбали мәзһабтарында көзге ерсі көрінетіндей алшақ емес, дененің тепе-теңдігін сақтайтындай «орташа» болғаны жөн. Ал, Ханафи мәзһабы бойынша, намазда тұрған кісі екі аяғының арасын тым жақындатпайды, ең кемі төрт елі қашық ұстайды.

Қиямда тұрғанда екі аяқты бір-біріне тигізе тақамау да керек. Бұған қатысты Нәсәиде келтірілген хадистің бірінде Сахаба Абдулла ибн Аббас екі аяғын бір-біріне тигізе тақап, намаз оқып тұрған кісіні көргенде оған: «Сен сүннетке қайшы әрекетте болдың…», – деді.

Және Ибн Әби Шәйбәнің риуаят етуінде Ғуәйна ибн Абдрахман ибн Жәушәнның айтуы бойынша әкесі Әбдірахман мешітте екі аяғының арасын тақап, намаз оқып тұрған кісіні көріп былай деді:«Анау екі аяғын бір-біріне тигізе тақап алыпты. Мен мына мешітте он сегіз сахабаны көргенмін. Біреуі де бұлай істемеген еді».

Думан Балықшиев,

Жылыой аудандық мешітінің наиб имамы.