Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысына жасаған сапарында Махамбет ауданы Сарайшық ауылында орналасқан хан ордасына зиярат етіп, мешітте ата-баба рухына Құран бағыштады. Еліміздің амандығы мен жеріміздің тыныштығы үшін дұға жасады.
Бас мүфти бастаған делегация мүшелеріне тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтар Сарайшық ауылында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарымен таныстырды. Сонымен қатар жуырда жер астынан табылған қабір туралы баяндап берді.
Айта кетсек, қалашықтың орны Атыраудан 50 шақырым қашықтықта Махамбет ауданының Сарайшық ауылының аумағында орналасқан. Мұнда 1999 жылы «Хан ордасы – Сарайшық» мемориалды кешені салынып, биіктігі 17 метр кесене тұрғызылған. «Қазақстанның киелі жерлері» географиялық картасына енген тарихи орынды бүгінде туристік нысанға айналдыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.