Наурызбай қажы Тағанұлы: «Тарихымызды ұмытпай, одан сабақ алуымыз қажет»

Өткен күндердің еншісіндегі сұрапыл соғыстар, қуғын-сүргіндер, жеңіске жеткен һәм жеңіліске ұшыраған сәттер, бәрін де ескеруіміз керек.

Себебі ол – біздің тарихымыз. Әлихан Бөкейхан «Бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» деген болатын. Сондықтан біз өткен күндерімізді, тарихымызды ұмытпай, одан сабақ алуымыз қажет.

Қазақ жеріндегі Ислам тарихында өшпес із қалдырған, мұсылман үмбеті үшін айтулы оқиға «Атлах» шайқасы еді. Әрине Исламға дейін де біздің бабаларымыз, түркі халықтары дінсіз болған жоқ. Олар бір Құдайға сенді, соған мінәжат етті. Бабаларымыз негізін қалаған Түрік қағанаты Еуразия төсіндегі алпауыт мемлекетке айналды. Кейін алып мемлекет Шығыс және Батыс түрік қағанаттары болып екіге бөлінді. Бертін келе Батыс Түрік қағанатының орнын Түркеш мемлекеті басты.

Түркештер де қуатты мемлекет құруға талпынды. Алайда сол кезеңдегі талас-тартыстар ішкі мәселелерге сыртқы күштерді де араластырды. Атап айтқанда, шығыстағы Тан империясы түркештердің алауыздығын пайдаланып, ашық шабуыл жасады. Осы кезде Түркеш мемлекеті Аббасид халифатымен күш біріктіріп, Тан империясына қарсы тұрды. Као Шиен Ших бастаған Тан әскері мен Зияд ибн Салих бастаған мұсылман жасағы Талас өзені бойында бетпе-бет шайқасты. Бұл тарихи оқиға 751 жылы Атлах ойпатында өткен «Атлах» шайқасы болатын. Нәтижесінде, Тан әскері енді Орталық Азияға енді беттемейтіндей болып, ауыр жеңіліске ұшырады.

«Атлах шайқасын» халқымыздың Хақ дінге бет бұрысындағы биік белес деуге болады. Себебі бұл шайқас Орталық Азияда Ислам дінінің жайылуына ықпал етті. Түркі халықтары топ-тобымен Хақ дінді қабылдай бастады. Соның нәтижесінде Қарлұқ, Қарахан, Оғыз, Селжұқ секілді мұсылман түрік мемлекеттері пайда болды. Осыдан бастап Орталық Азия қалаларында мұсылмандық мәдениет қалыптасты. Соның бірі – Тараз қаласы. Қазақ даласындағы дін Исламның алғаш дәні егілген жер де осы Тараз өңірі болатын. Себебі осы топырақта жоғарыда айтқан әйгілі «Атлах» шайқасы өтті.

Халқымыз Хақ дінге бет бұрғаннан кейін Тараз қаласы мұсылмандық сипатта салына бастады. Шаһарда мешіт-медреселер бой көтерді. Медреселердің көптеп салынуы Орталық Азиядағы ғылымның дамуына әсер етті. Орталық Азия мемлекеттерінен көптеген дін ғұламалары шықты. Соның ішінде Ұлы Жібек жолы бойында жатқан Тараз қаласы мен оның маңындағы шаһарларынан көптеген дін ғалымдары шықты.

Олардың бірсыпырасы Таразда дүниеге келіп, Исламдың аясын кеңейту үшін басқа қалаларда, басқа мемлекеттердегі діни-рухани орталықтарда қызмет етті. Атап айтар болсақ, Тараз топырағынан Абд Әмір Усман ибн Мұхаммед ат-Тарази, имам Әбу-л Қасым Махмуд ибн Әли ибн Әбу Әли ат-Тарази, Әбу-л Футух Абд әл-Уахид ибн Имран ибн Исрайыл ат-Тарази, шейх Ахмет ибн Құдайдат Тарази, Мұхаммедхан ибн Мұхаммедғазыхан әл-Хұсейн ат-Тарази, шейх Һибатулла ат-Тарази, Әбу Насыр Мүбашшир ат-Тарази, Махмұт бин Назир ат-Тарази секілді ғұламалар болатын.

Осы ғұламалардың ішінде бізге жақсы белгілісі Тараздан шыққан, бүгінде өңірдің орталық мешітіне есімі берілген шейх Һибатулла ат-Тарази болатын. Ол Таразда дүниеге келіп, кейінгі өмірін Шамда, сосын Мысырда өткізді. Каирдегі Бейбарыс сұлтан салдырған медреседе сабақ беріп, оның меңгерушісі болды.

Ол мұсылман заңгері (фақиһ, усули) әрі тілші (нахуи) еді. Әбу Ханифа мазһабын (діни мектеп) ұстанды және осы бағытта «әл-Мұғни фил усулил фиқһ» (фиқһ негіздеріндегі толық қайнар), «Хашиятул Һидая» (әл-Һидаяға түсіндірме), «Һади фи усулид дин» (дін негіздеріне бастаушы), «Шарх Ақидатут Тахауи» (Тахауи ақидасына түсіндірме) секілді еңбектер қалдырды. Көптеген дін ғалымдарының еңбектеріне түсіндірме жазды. Һибатулла ат-Таразидің мұраларын зерттеп, ол жайлы үлкен еңбек жазған профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі болатын.

Тараздан шыққан тарландарымыздың қатарында жуырда ғана Жамбыл облысында өткен «Тараздан шыққан діни тұлғалар. Профессор Насрулла Таразидің туғанына 100 жыл» халықаралық ғылыми-танымдық конференциясына арқау болған Насрулла ат-Таразидің әкесі Әбу Насыр Мүбашшир ат-Таразиді де болды. Мүбашшир ат-Тарази де Мысырға қоныс аударып, бар ғұмырын сонда өткізді. Туған мекені Тараздың атын шығарған ғалым болды. Ол ХІХ ғасырдың соңында Таразда дүниеге келген.

Ташкенттегі Әбу-л Қасымхан, Бұхарадағы Көкілташ медреселерін бітірген. Елге келіп, медресе ашып, шәкірт оқытқан, қазылық қызмет атқарған. Өкінішке қарай сол уақытта билік басына келген Кеңес үкіметі дін қайраткерлерін түгел қуғындай бастады. Мүбашшир ат-Тарази Кеңес үкіметін қабылдамады, керісінше оған қарсы шықты. Сол үшін бірнеше рет абақтыға қамалды. Соңында 1930 жылы отбасымен Ауғанстанға қоныс аударды. Ол Ауғанстанда беделді қызметтер атқарды.

Түркістандық эмигранттардың рухани жетекшісі болды. Алайда оның саяси күресіне Ауғанстанға ықпалы жүрген Кеңес үкіметі мүмкіндік бермеді. Осылайша Мүбашшир ат-Тарази 1950 жылы Мысырға қоныс аударды. 1977 жылы сол жерде дүниеден өтті. Мүбашшир ат-Тарази Ислам діні мен мәдениетіне сүбелі үлес қосты.

Бұл бағытта қырықтан астам кітап жазды. Оның ұлы Насрулла ат-Тарази де Таразда туған болатын. Әкесімен бірге ол да алдымен Ауғанстанға, кейін Мысырға табан тіреді. Кабул университін бітірді, докторлық диссертация қорғады. Кейін әкесімен бірге Мысырға барып, ғылыми жұмыстармен айналысып, баспа саласында өнімді қызмет етті. Мысырдың үш беделді университетінде ұстаз болды.

Иә, көне Тараз көптеген ғұламаларды түлетті. Қазақ жеріндегі ең алғашқы мешіт те осы Тараз топырағында бой көтерген еді. Әсіресе қарахандықтар тұсында, атап айтқанда X-XII ғасырларды Тараз өңірі ерекше дамыды. Мешіт-медреселер көптеп бой көтерді, көптеген ғалым-ғұламалар шықты.

Өйткені Қарахан мемлекеті тұсында Ислам діні мемлекеттік дін болып жарияланған еді. Қазіргі таңда да Тараз өңірінде дін Исламның келешегі үшін көптеген дін қызметкерлері табанды түрде қызмет етіп жатыр. Алла Тағала олардың қызметіне береке берсін! Тараздан түлеп ұшқан барлық дін қайраткерлерінің рухы шат болғай!

Біз былтыр Алматыдағы Нұр-Мүбарак университеті ғимаратында «Қазақстандағы «дін дүрбелеңі»: кеңестік биліктің дінге қарсы репрессиялық шаралары» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткіздік. Алқалы жиында елге белгілі ғалымдар саяси қуғын-сүргін тарихындағы дін өкілдері мен кеңестік биліктің дінге қарсы репрессиялық шаралары жайлы баяндап, олардың ерен еңбегі мен ел үшін, дін үшін атқарған ісіне тоқталып, есімін ұлықтау жайлы бастама көтерді.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Тараз қаласында өткен «Тараздан шыққан діни тұлғалар. Профессор Насрулла Таразидің туғанына 100 жыл» тақырыбындағы жиын да ұлт қайраткерлерін ұлықтауға арналған маңызды іс-шара болды. Осы арқылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болған ұлт, дін қайраткерлерін ұлықтап келеміз.

Рас, Кеңес дәуірі тұсындағы қуғын-сүргін қазақ халқына орасан зор зардабын тигізді. Халқына қалтқысыз қызмет еткен қаншама тұлғаларымыз темір торға тоғытылды, қаншамасы жазықсыз құрбан болды. Жұртшылықты көркем мінезге тәрбиелеп, руханияттың шырақшысы болған дін өкілдері де қуғындалды. Әкелі-балалы Мүбашшир мен Насрулла Таразилердің де қуғын көріп, жат жерде өмір сүруіне осы жағдай себеп болғаны белгілі.

Сондықтан біз, жоғарыда айтқандай, тарихымызда осындай қиын-қыстау замандар болғанын үнемі еске салып, осы бір нәубетті күндерден сабақ ала отырып, сол заманның тағдыр-тауқыметін арқалаған арда азаматтарымыз бен тау тұлғаларымызды тереңірек тануымыз қажет! Дін жолында жантәсілім болған бабаларымыздың рухы шат болғай! Әмин!