Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы Қызылқоға ауданына жасаған жұмыс сапары аясында аудан орталығындағы “Бәйтерек” мешітіне арнайы барып, мешіттің тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ, жергілікті жамағатпен жүздесіп, мазмұнды уағыз-насихат кездесуін өткізді.
Жамағат алдында сөйлеген сөзінде бас имам Қызылқоға өңірінің рухани келбетіне ерекше тоқталды:
«Қызылқоға – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, салт-дәстүрге берік өңір екені баршаға мәлім. Бұл жерден талай елге сыйлы азаматтар шықты. Осындай киелі топырақта имандылықты сақтау – үлкен жауапкершілік. Сондықтан мешіттің де, имамдардың да жұмысы халықпен етене жақын, шынайы болуы тиіс. Біз сіздердің рухани тіректеріңіз ретінде әрқашан жандарыңыздан табыламыз», – деді Болатбек Ұласқанұлы.
Кездесуде жамағат өкілдері өз сұрақтарын қойып, діни білім, отбасындағы тәрбие, жастардың діни сауаттылығы сынды тақырыптарда ой бөлісті. Бас имам барлық сұрақтарға нақты жауап беріп, мешіт жамағатына ел ішіндегі бірлік пен сабырдың маңызын түсіндірді.


