Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Индер ауданына қарасты Өрлік ауылына барып, жаңа мешіттің іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
Осылайша, Атырау облысы бойынша жоспарланған 25 мешіттің құрылыстары басталып жатыр.
«Жергілікті тұрғындар ұзақ жылдардан бері мәселе етіп көтеріп келген құлшылық үйінің құрылысы бір жыл ішінде аяқталады деп күтілуде. Азаны бар ауыл азбайды. Мешіт – ілімнің, ғылымның және тәрбиенің ошағына айналарына сенеміз. Мешіт құрылысына атсалысып жатқан демеушілерге Алла разы болсын» деді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
150 адамдық мешітте заман талаптарына сай, намаз залдары, Құран оқу залы, дәрісхана, қызметкерлер бөлмесі және мешіт жанынан имам үйі салынады деп жоспарлануда.
Индерліктер көптен күткен бұл күні дәстүрге сай құрбандық шалынып, Құран оқылды.
Ерекше атап өтерлігі, жергілікті Өрлік мектебін 2001 жылы аяқтаған түлектер мешіт құрылысы үшін 1 миллион теңге тапсырды.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.