Оразаның артықшылығы

Оразаның артықшылығына Хақ Тағаланың: «Уа, мүминдер! Бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза парыз етілді»,-деген сөзі меңзесе, Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Ислам бес нәрсеге негiзделген: «Аллаһ Тағаладан басқа тәңiр жоқ, Мухаммад (с.а.с) Оның құлы, әрi Елшiсi», – деп куәлiк ету, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару және Рамазан айында ораза ұстау»,-дегені, ораза құлшылықтың ерекше түрі екенін көрсетеді.

Ораза күнәлардың кешірілуінің бірден-бір себебі. Расулуллаһ (с.а.с) айтады: «Рамазан айының оразасын шын иман келтірген және сауаптан үміттенген халде ұстаған адамның бұрын iстелген күнәлары кешiрiледi». «Шын иман келтіру» дегеніміз: Хақ Тағаланың бар екеніне, жалғыздығына шын жүректен сену және оразаны парыз еткеніне разы болу.

 «Сауаптан үміттену»: оразаның парыздығын жан-тәнімен қабылдап, оразаның есесіне тиісті сауап алатынына күмәнданбау. Жаратушы Ие амалдарға тиісті сауап пен жазаның мөлшерін баян еткен. Мысал ретінде намазды жеке оқығаннан гөрі жамағатпен оқығанның сауаптылығын айтуға болады. Расулуллаһ (с.а.с)  айтады: «Жамағатпен оқылған намаз жеке оқылған намаздан жиырма жеті есе абзал». Ораза үшін берілетін сауап мөлшеріне келер болсақ, Расулуллаһ (с.а.с)  бір сөзінде: «Адам (ғ.с) баласының барлық амалының сауабы оннан жеті жүз есеге дейін артық беріледі»,-десе,  екінші бір сөзінде: «Хақ Тағала айтады: «Адам (ғ.с) баласының барлық амалы өзі үшін.

Тек ораза Мен үшін. Мен оразаның есесін беремін». Ораза – қалқан. Ораза ұстағандарың жаман сөз айтпасын, дауласпасын. Біреу оны балағаттаса немесе онымен жанжалдасса, ол: «Мен оразамын»,-десін.

Мухаммадтың (с.а.с)  жаны билігінде болған Аллаһ Тағаламен ант етем! Қиямет күні Жаратушы Иенің жанында ораза ұстаушының аузының иісі мисктің иісінен абзал. Ораза ұстаушыға екі шаттық бар. Бірі – ауыз ашқанда қуанады. Екіншісі – Қияметте Раббысымен жүздескенде ораза ұстағанына қуанады»,-деген.

Бұл хадис оразаның мына артықшылық жақтарын баян етеді. Біріншіден: Аллаһ Тағала пенденің істеген құлшылықтарының ішінде тек оразаға қатысты: «Пенденің бұл құлшылығы Мен үшін»,-деді. Бұл оразаның ерекше құрметке лайық құлшылық түрі екенін көрсетеді. Ораза ұстаған адам таң атқаннан күн батқанға дейін ауыз бекітіп, тіпті, оңашаланып, сырт көзден тыс қалған сәттің өзінде ішіп-жеуден тыйылады. Бұл – пенде мен Жаратушы Иенің арасындағы сыр! Неге ораза ұстаушы оңаша қалған сәтте тамақтанудан тыйылады?! Өйткені, ол Раббысы үшін дүниеде жасырын әрі құпия нәрсе жоқ екенін біледі.

«Аузым – ораза»,-деген адамның ішіп-жегенін өзгелер білмесе де, Хақ Тағала біледі. Сонымен қатар, Жаратушының әміріне қарсы келуден қорқу және сауаптан үміттену ауыз бекіткен адам оразасында ықыласты болуына жетелейді. Міне, бұл –Раббыға деген шексіз махаббат пен кәміл ықыластың бейнесі.

Екіншіден: жоғарыда айтылғандай әрбір ізгі амал үшін берілетін сауаптың белгілі мөлшері болса, ораза үшін берілетін сауаптың мөлшері жалғыз Аллаһ Тағалаға мәлім. Ораза өзіне сабырлықтың үш түрін қамтиды. Ол: 1. Жаратушы Иенің әміріне бойсұнудағы сабырлық; 2. Хақ Тағаланың тыйым салғанына тыйылудағы сабырлық; 3. Оразаның кезінде шөлдегенге, қарны ашқанға және дененің әлсіреуіне сабыр ету. Ал Хақ Тағала «Зүмәр» сүресінің 10-шы аятында: «Күмән жоқ, сабырлы болғандарға сауап-сыйлары есепсіз беріледі»,-деген.

Демек, ораза ұстаушы мол сауапқа ие болатынына тек хадис емес, бәлкім, Аллаһ Тағаланың сөзі болған Қасиетті Құран Кәрим де нұсқауда. Үшіншіден: ораза – қалқан, яғни пендені жаман сөзден қайтаратын құрал. Осы себептен Расулуллаһ (с.а.с): «Ораза – қалқан. Ораза ұстағандарың жаман сөз айтпасын, дауласпасын. Біреу оны балағаттаса немесе онымен жанжалдасса, ол: «Мен оразамын»,-десін»,-деп бұйырды. Сонымен қатар, ораза – тозақ отынан қалқан. Бұл мәселеге қатысты Расулуллаһ (с.а.с): «Хақ Тағала: «Ораза – пенде тозақ отынан қорғанатын қалқаны»,-деп айтады»,-деген. Төртіншіден: Қиямет күні Жаратушы Иенің жанында ораза ұстаушының аузының иісі мисктің иісінен абзал болуы.

Себебі, ораза ұстаушының аузынан шыққан иіс – ауыз бекіткеннің әсері әрі пенде Жаратушысының әміріне бойсұнғанның белгісі. Бесіншіден: ораза ұстаушы ауыз ашқанда шаттыққа бөленуі. Бұл іс екі мәселені қамтиды. Бірінші мәселе: ораза ұстаушы күні бойы нәр татпай, күн батқаннан кейін қарны тойып, шөлі қанған сәтте табиғи ләззатқа бөленуі. Екінші мәселе: пенде Раббысы оған ораза ұстауын нәсіп еткеніне қуануы. Қаншама адам шайтанның жетегі мен нәпсісіне еріп өз-өзін одан мақрұм етуде?! Алтыншыдан: ораза ұстаушы Қияметте Раббысымен жүздескенде шаттыққа бөленуі. Не себепті?

Расулуллаһ (с.а.с)  айтады: «Жәннатта «Раййан» атты қақпа бар. Қиямет күні ол қақпадан ораза ұстағандардан өзге ешкiм кiрмейдi. Қиямет күнi: «Ораза ұстағандар қайда?»,-деп жар салынады. Сонда ораза ұстағандар тұрып сол қақпадан кiредi. Олар кiрiп болған соң қақпа жабылып, одан басқа ешкiм кiрмейдi». «Қиямет күні ораза мен Құран пендеге шапағат етіп, ораза: «Уа, Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жеуден тыйдым.

Менің шапағатымды қабыл ет»,-десе, Құран: «Уа, Раббым! Мен оны түнде ұйқысынан айырдым. Менің шапағатымды қабыл ет»,-дейді. Кейін олардың шапағаты қабыл етіледі». Суфйан ибн Ъуяйна (р.а) айтады: «Аллаһ Тағала Қиямет күні пендесін жауапқа тартып, амалдарын тізіп, ондағы кемшіліктері үшін айыптайды. Оразаға кезек келгенде Хақ Тағала амалдардағы кемшіліктерді кешіріп, оразаның себебінен пендені жәннатқа кіргізеді».

Тақырыпты Имам Бухари Әбу Һурайрадан (р.а) риуаят еткен мына хадиспен тәмамдағым келеді. Әбу Һурайра (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Расулуллаһ (с.а.с): «Қиямет күнi Аллаһ Тағала жолына екi нәрсенi жұмсаған адамды жәннаттың бiр есiгiнен: «Ей, Аллаһтың құлы! Бұл–жақсылық»,-деп шақырылады.

Намаз оқығанды «намаз» есiгiнен, дін жолында соғысқанды «жиһад» есiгiнен, ораза ұстағандарды «Раййан» есiгiнен, ал садақа бергендердi «садақа» есiгiнен шақырады»,-деп айтқанда, Әбу Бәкр (р.а): «Ата-анам Сіз үшін құрбан! Бұл есiктің бірінен шақырылғанға не қам, не қайғы? Алайда, осы есiктiң барлығынан бiрдей шақырылатын пенде бола ма?»,-деп сұрады.

Сонда Расулуллаһ (с.а.с): «Иә, болады. Мен Аллаһ Тағаладан сiздi солардың бiрi болуыңызды тiлеймiн»,-деп жауап бердi». Жаратушы Ие ұстаған оразаларымызды қабыл етіп, тағдырымызға хадисте айтылған жәннаттың есіктерінен шақырылуымызды жазсын! Әмин!  

Арыстан МҰХАМЕДКӘРІМ,

«Қажымұқан Мұңайтпасов»    мешітінің наиб имамы, Жұлдыз елдімекені, Атырау қаласы.