Әлемдердің Раббысы Алла Тағала мақтаулар болсын! Соңғы елшіміз Мұхаммедке Алла Тағаланың салауаты мен сәлемі болсын!
Жаратушы Алла Тағала адамзатты жаратқаннан бері Өзін таныту үшін, Пайғамбарлары мен елшілерін адамдардың арасынан таңдап жіберген. Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Пайғамбар жіберместен Біз ешкімді жазаламаймыз» – деді.
(Исра сүресі, 15 аят)
Барша Пайғамбарлардың міндеті – адамдарды Алла Тағаланың тура жолына шақыру, күнә – қателіктен сақтандыру, сауап пен обалды түсіндіру, Жаратушыға құлшылық жасауды үйрету, арам мен адалдың аражігін ажырату, сонымен қатар адамдарға білім мен ғылымды, өркениетті үйреткен. Бірақ кейбір қауымдар Пайғамбарлардың ескертуіне құлақ аспай, күнәларын ары қарай жалғастырып, тіпті Алладан жіберілген елшілерді өлтіріп, қиянат жасаған.
Екі әлем сардары, бүкіл адамзатқа Пайғамбар болып жіберілген Мұхаммедке (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) өмірінде де қарсы шығушылар мен қастандық ойлаушылар көп болды. Меккелік мүшріктер өлтіруге талпынғанынан сақтанып Медине қаласына қоныс аударды. Медине қаласында да кітап иелері яһудилер мен екіжүзділер түрлі қитұрқы сұрақтар қойып қана қоймай, Алланың елшісіне қастық жасады. Пайғамбарымызбен келісімге келсе де, келісімдерін бұзумен болады.
Қазіргі кезге дейін уақыт аралығында Пайғамбарымызға (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) әрбір қоғамда тіл тигізушілер, жала жабушылар жалғасын тауып келеді.
2015 жылы Франция еліндегі «Charlie Hebdo» редакциясының кезекті журналында Пайғамбарымызға карикатура жасап, бүкіл әлем мұсылмандарының құқығын қорлаған. Соның салдарынан қайғылы жағдайлар орын алғаныда белгілі. Сол уақытта Түркие елінің премьер министрі болған Ахмет Давутоглу:
«Сөз бостандығы тіл тигізу бостандығы дегенді білдірмесе керек. Біз пайғамбарға тіл тигізуге жол беріп тұра алмаймыз» – деген.
Бұл бірінші кезекте әлемдегі мұсылмандардың діни сенім бостандығына қол сұғушылық. Отбасы, бала шағамыздан да артық жақсы көретін Пайғамбарымызды қорлау арандатушылықтан басқа ештеңе емес. Кейбір мемлекеттерде Пайғамбарымызға тіл тигізуге қарсы заң шығарып жатыр. Пайғамбарымызға тіл тигізудің арты ешқашан жақсылыққа апармайды. Осы орайда Хафиз ибн Хажар әл-Асқаланидің «Әд-дурар әл-камина» атты кітабынан үзінді келтіре кетуді жөн көрдік:
«Күндердің күнінде Исламның таралуына барынша тосқауыл болуға тырысқан крест жорықтарының өкілдері, христиан дінін тарату мақсатында бір топ дін көсемдерін моңғол халқына жолдайды. Олар дінді насихаттап моңғолдарды өздеріне тарта бастайды.
Содан бір күні христиан діні тарай бастаған уақытта әлгі көсемдер атап өту үшін жергілікті халықтың басын жинап мерейтой ұйымдастырады.
Той барысында көсемдердің бірі сөз алып Мұхаммед (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) Пайғамбарға тіл тигізе бастайды. Сол сәтте тасада жүрген бір ит қатты үріп келіп, көсемге қарай ұмтылып, оны қауып алады. Халық араға түсіп көсемді әрең дегенде арашалайды. Сонда бір кісі көсемге қарап:
— Мына ит Пайғамбарды (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) жамандағаның үшін сені қауып алды, — дейді. Көсем:
— Жоқ, олай емес. Мен сөйлеу барысында қолымды сермегенде, ит мені ұрғалы жатыр деген оймен қапты, — деп орнынан тұрып Пайғамбарға (салааллаһу ьəлəйһи уə сəллам) қайта тіл тигізе бастайды.
Сол уақытта ит қайта жүгіріп келіп, көсемнің мойнына жабысып күре тамырын жұлып алады. Көсем сол жерде қансырап, жан тапсырады.
Осы оқиғаға куә болып, бақылап тұрған халықтың арасында 40 000 моңғол, дəл сол сəтте Ислам дінін қабылдаған екен.»
Қазіргі кезде әлеуметтік желіде өздерін «тәңіршілміз» деген топ, өздерін «әсіреұлтшыл» ретінде «араб болма, қазақ бол» деген ұранымен Пайғамбарымызға тіл тигізіп, лас сөздерімен жала жабуда. Оларға айтарымыз бұл өмірде ешнәрсе жазасыз қалмайтынын ескертеміз.
Алла Тағала баршамызға тура жол, ауызбіршілік пен амандық бергей!
Нұрлан Жарқымбаев,
«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің наиб имамы.