Қадір түнінің қасиеті: Атырауда орталық мешітте тікелей эфирде уағыз айтылды

amin.kz/ 19 мамыр, 2020 жыл. Бүгін Атыраудың орталық «Иманғали» мешітінде қасиетті Қадір түніне орай, тікелей эфирде рухани сағат болып өтті.


«Атырау» телеарнасының тікелей эфирінде өткен рухани сағат барысында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы, Әт Тақуа мешітінің имамы Өсімхан Аманбайұлы, ұстаз Ерболат Боханов мың айдан да қайырлы Рамазандағы қасиетті Қадір түнінің ерекшеліктері туралы сұхбат берді.

» Бұл күні «Я, Алла Тағала сен жомартсың, кешіруді жақсы көресің, мені де кешір» деген дұғаны көбірек жасауымыз керек.
Исі мұсылман баласының тағдыр жазылатын түнді тағатсыздана күтуінің бір хикметі – Жаратқанға жақындай түсуге талпынуы. Қадір кешінің әрбір сәтін құлшылықпен, дұғамен, Құран оқумен, т.б. Аллаға ұнамды сауапты амалдармен өткізетініміз сондықтан.


Қадір түнінің негізгі қасиеті – адамзат баласын екі дүние бақытына жетелейтін Құран Кәрімнің түсуінде» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.


Қадір түні деген кезде көпшілік Қыдыр атамен шатыстырып жатады. Дастархан жайып, үйден күтіп отырады. Осы мәселеге түсінік берген Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Қадір түнін жақсы уағыздар, дұғалармен, қайырлы амалдармен өткізуге шақырды.

Рухани кеш соңында Құран хатым етіліп, ел амандығы үшін дұға жасалды.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.