Қазақстан мен Қытай арасында трансшекаралық өзендерде су бөлу келісімі жасалмақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты.
«Тұжырымдамада мемлекетаралық су қатынастарын дамыту үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және пайдалану туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы трансшекаралық өзендерде су бөлу туралы келісімдерге қол қою көзделген. Халықаралық су ынтымақтастығының маңызды құрамдас бөлігі – Орталық Азияның су-энергетикалық ынтымақтастығы тетігін әзірлеу», – деді министр.
Оның атап өтуінше, трансшекаралық су объектілерін пайдалану және қорғау жөніндегі келіссөздер тобы мүшелерінің құзыретін күшейту, сондай-ақ арнайы департамент құру жоспарланған.
«Айта кету керек, «Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заңының жобасы Мәжілісте қаралып, Сенат қарауына енгізілді. Конвенция трансшекаралық өзендер мен көлдерді және олармен байланысты жерасты суларын бүкіл әлемде тең құқықты және тұрақты басқаруға ықпал ететін жаһандық құқықтық механизм болып саналады. Қазіргі уақытта Конвенцияның қатысушысы – 37 мемлекет. Қазақстанмен көршілес елдердің ішінде тек Өзбекстан Республикасы ғана конвенцияға мүше», – деді ол.