Қазақстанда COVID19 коронавирусына қарсы вакцина жасалып жатыр

amin.kz/20 наурыз, 2020 жыл.  Бұл туралы бүгін пандемия туралы толық ақпарат жинақталған ресми интернет ресурс көзі – www.coronavirus2020.kz сайты хабарлады.

«Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша Ұлттық биотехнология орталығы мен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты COVID19 коронавирусына қарсы вакцина жасау бойынша бірлескен жұмысты бастады.

Вакцинаны әзірлеу бағдарламасы шеңберінде ең озық биотехнологиялық және гендік-инженерлік әдістерді пайдаланып 5 кандидаттық вакцина жасалатын болады. Мұндай технологияларды әлемдегі вакцина өндіру саласындағы көшбасшы кәсіпорындар пайдаланады. Кандидаттық вакциналардың бес түрінен клиникалық сынақтар жүргізу үшін неғұрлым тиімді және технологиялық вакцина таңдалады.

Әлемнің көптеген елдері де өз вакцинасын әзірлейтінін жариялады. Алайда олардың барлығы клиникалық сынақтарды талап етеді, сондықтан бір жылдан кем емес уақытты талап етеді. Вакцина жасалғанға дейін COVID19 вирусының тез және жаппай таралуына жол бермеу керек. Бұл мемлекет қабылдаған шараларға ғана емес, әрбір адамға да байланысты. Сондықтан ауруды алдын алудың барлық шарттарын орындау қажет» делінген хабарламада.

Еске сала кетелік, қаңтар айының соңында Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары 6 күн ішінде COVID-19 коронавирус ауруын жедел анықтауға мүмкіндік беретін сенімді жоғары сезімтал тест-жүйесін әзірлеген еді. Қазақстандық тест-жүйенің тиімділігі мен жоғары сезімталдығы Ресей және Қытай диагностикумдарымен салыстырғанда расталды.

Ұлттық биотехнология орталығында жеткілікті ғылыми-техникалық тәжірибе жинақталған. Тиімділігі бойынша шетелдік аналогтардан кем түспейтін отандық препараттарды дайындау технологияларын әзірлеу, сынау және қамтамасыз ету үшін мүмкіндік беретін қазіргі заманғы ғылыми база мен жоғары білікті ғалымдар бар.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.