Қазақстанда қандастарды қайтару көші жалғасады

«Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтты» деп хабарлайды amin.kz

Яғни, еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасалатынын, қандастар көші жанданады.

«Уақыт ұттырмай қолға алып, дәйекті түрде іске асыратын тағы бір шаруа бар. Халықтың қалалық жерлерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ауылдарда, әсіресе, шекара маңындағы елді-мекендерде тұрғындар саны күрт азайды. Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе.

Бұған қоса соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз. Бұл екі мәселенің де стратегиялық маңызы бар.

Оған кезекті науқан ретінде қарауға болмайды. Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс», — деді Президент.

Еске сала кетелік, өткен жылдың он бір айында 11,8 мың адам тарихи Отанына оралып, оралман мәртебесін алған болатын.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 69,1 мың этникалық қазақ оралған.

Биылғы жылы Қазақстанға келген оралмандардың жартысынан көбі (55,5%) Қытайдан, 28,8%-ы – Өзбекстаннан, 9,1%-ы – Түркіменстаннан, 3,4%-ы – Моңғолиядан және 2,9%-ы — басқа елдерден келді.

Этникалық қазақтар негізінен Алматы (52,3%), Маңғыстау (13,4%) және Түркістан (5,5%) облыстарына, сондай-ақ Нұр-Сұлтан (4,1%) және Алматы қалаларына (5,7%) қоныстанды.