Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымы қарттарға арналған ақылды және көпфункционалды балдақ құрастырып шығарды.
Университеттің 1-курс студенті Ерзат Мырзахан ойлап тапқан құрал егде жастағы адамдардың баспалдаққа көтерілуін жеңілдетеді. Яғни қарт адамдар екі бұранда арқылы баспалдақ тұтқасын қысып, жоғары қабатқа шыға алады.
![балдақ балдақ](https://img.inform.kz/kazinform-photobank/media/2024-02-20/0dc8983d-0351-4106-b6f8-de7a13ea6ade.jpeg)
«Құралдың басты ерекшелігі — мұнда GPS орнатылған. Яғни балалары мен ағайын-туыстары қарт анасының немесе әкесінің қайда жүргенін телефондағы қосымша арқылы біле алады. Егер де қарт адам көшеде құлап қалған болса, балаларының ұялы телефонына хабарлама келеді. Сондай-ақ аталған балдаққа арнайы лазерлік шам қойылған. Бұл алдағы бөгеттерді, кедергілерді анықтап, қарт адамға дыбыстық белгі береді», — дейді жоба жетекшісі Ерзат Мырзахан.
![ақылды балдақ](https://img.inform.kz/kazinform-photobank/media/2024-02-20/836c35f7-d3dd-4595-9eb6-07c2a07f8420.jpeg)
Бұдан бөлек, балдаққа радио және түнгі уақытта жүру үшін арнайы жарық орнатылған. Балдақтың жалпы салмағы — 300-400 грамм, ал ұзындығы 1 метрге дейін созылады.
Жас ғалымның айтуынша, балдақ арзан құрылғылардан жасалғандықтан, оның нарықтағы бағасы да төмен.