Қиртас оқиғасы

         Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Бүкіл мадақ жалғыз Аллаға және оның сүйікті елшісі Мұхаммедке оның сәлемі болғай!

Ұлы шариғатымыз өз ішіне адамзат өміріне қажетті дүниелердің барлығын қамтумен басқа діндерден ерекшеленді. Шариғаттың әр саласына жеке тоқталса, олар өз алдына жеке тақырып, жеке әңгіме болып, сол тақырыптың өзі туралы ғана сөз қозғаса да, оның тұңғиығына жету екіталай болары анық. Сондықтан, бізге керек болған тақырып, ислам тарихында кездескен «Қиртас» оқиғасына тоқталайық.

Аталмыш оқиға Пайғамбар ﷺ дүние салатын кезге таяп қалған уақытта орын алған еді. Яғни Пайғамбар ﷺ төсек тартып, өлім аузында жатқан кезінде қасындағы сахабалардан «қағаз бен қалам» алып келіп беруін өтінеді. Қиртас сөзінің мағынасы да «қағаз» деген мағынаға сайғандықтан, бұл оқиға осылай аталып кетуі де әбден мүмкін.

Аталмыш оқиға желісі былай болады. Пайғамбар ﷺ өлім аузында, төсек тартып жатқан кезде, қасындағы сахабалардан «қағаз бен қалам» алып келуін сұрайды. Міне, дәл осы уақытта сахабалар арасында келіспеушілік туындайды. Яғни олардың арасында – Пайғамбар ﷺ сандырақтап жатқандықтан, есін білмейді. Сондықтан, оған қазір «қағаз бен қаламның» қажеті жоқ десе, екінші топ – жоқ, Пайғамбардың ﷺ сандырақтауы мүмкін емес, өйткені Пайғамбарға ﷺ сандырақтау жат нәрсе деп, «қағаз бен қаламды» алып келуге тырысады (Муслим 1637).

Пайғамбар ﷺ төсек тартып жатып, қағаз және қалам сұраған кезде, Омар Пайғамбар ﷺ есін білмей жатыр, оны мазалауға болмайды, – деп Пайғамбар ﷺ өтінішін орындатпайды. Осы кезде сахабалар арасында келіспеушілік туып, айқай-шу көбейген кезде Пайғамбар ﷺ бұл келеңсіздікті ұнатпай, оларға: «Менің алдымда ұрыспай, шығып кетіңдер», – деп айтады. Сол кезде Ибн Аббас Пайғамбар ﷺ алдында келеңсіздік туды деп қатты күрсінеді (Бұхари 114). Бірақ та, бұл жерде, Пайғамбардың ﷺ өлім аузында жатқан кезде, қайта-қайта есінен танғанын растайтын басқа да хадистер бар. Яғни Пайғамбар ﷺ өлім аузында жатып, намаз оқымақ болып, мешітке барғысы келген кезде қайта-қайта есінен танып, қайта-қайта дәрет алғаны туралы айтылады (Бұхари 687).

Ал ақида ілімі бойынша Пайғамбарға ﷺ қатысты «Фатана» сипатына, (зеректік, есінен алжаспау) келетін болсақ, шынында да Пайғамбар ﷺ есінен алжаспауға тиіс еді. Ол «маған қағаз бен қалам алып келіңдер, сендерге өсиет жазып берейін, сосын сендер адаспайтын боласыңдар», – деген кезде, Омар бізде Алланың кітабы бар, сол бізге жеткілікті деп айтуына қарайтын болсақ, екі жақтың да сөзі ақылға қонымды. Бірақ, сонда да қай-кезде де Пайғамбардың ﷺ сөзі бәрінен жоғары тұрары анық. Сахабалар өз араларында таласып, қағазды алып келуінуі кешіккен кезде де, Пайғамбар ﷺ мұны ұнатпаған сыңай танытады. Бірақ та, одан әріқарай, тағы қайта сұрап, қатты әуреге салынбады. Пайғамбардың ﷺ осы жағдайын ескерген кейбір ғалымдар, шынында да Пайғамбардың ﷺ қағаз бен қалам сұрауы қатты маңызды болмаған іс еді деп тұжырымдайды. Ал бұл жағдайды тағы басқа бір топ өз ыңғайына қарай теріс түсініп, ислам үмметінің арасында бөлінушілік пен алауыздық туғызуды көздейді. Яғни шиға топтарының кейбірі ислам тарихындағы дәл осы оқиғаға қатты мән беріп, былай деп тұжырым жасайды: Пайғамбар ﷺ соңғы өсиетінде халифалыққа Әбу Бәкірді емес, керісінше Әлиді қоюды қалаған еді. Ал Омар т.с.с. сахабалар бұны сезіп, оған қарсы шықты.

Міне, осы кішкентай оқиғаның өзі де ислам үмметінің арасында бөлінушілік пен алауыздық тууына себепші болды. Бірақ та Пайғамбар ﷺ өзінен кейін Әбу Бәкір екінші дәрежелі адам екенін растайтын оқиғалар мен хадистер де жеткілікті және де Әбу Бәкір халифалыққа әбден лайықты сахаба еді. Пайғамбардың ﷺ да «Үмметім адасушылыққа бірікпейді» (Термизи 2167), «Егер де адасушылықты көрсеңдер, қалың-көпшілікпен бірге болыңдар» (Ибн Мәжаһ 3950), т.с.с жамағаттың артықшылығын айтатын хадистері көп. Яғни Әбу Бәкір өз-өзін халифа етіп сайламай, керісінше қалың-көпшілік оны бірауыздан, басшылыққа сайлаған еді.

Мінеки, Пайғамбардың ﷺ да көздеген мақсаты осы еді. Яғни Пайғамбарға ﷺ қалың-бұқараның пікірі әрдайым ұнамды іс болған. Анығы бір Аллаға мәлім!

Ахад Құралов,

Атырау селолық мешітінің ұстазы