Атырау облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Данияр Кенжалин, бөлім маманы Ислам Маратұлы өңірдегі түзету мекемелерін аралады.
Сапар барысында ҚМДБ өкілдері №15 түзету мекемесінде жазасын өтеушілермен кездесіп, дәстүрлі ислам құндылықтары, діни радикализмнің алдын алу және рухани тәрбиенің маңызы жөнінде әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, мекеме қызметкерлерімен де кездесіп, діни оңалту бағытындағы жұмыстың тиімділігін арттыру жолдарын талқылады.
“Біздің басты мақсатымыз – дін атын жамылып адасқандарға дұрыс түсінік беріп, олардың рухани тұрғыда жаңаруына жол ашу. Әр жазасын өтеушіге үміт пен сенім қажет. Біз оларды қоғамға пайдалы азамат ретінде қалыптастыруға күш салуымыз керек,” – деді ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Данияр Кенжалин.
ҚМДБ өкілі бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

