Мешітте шу шығарған азаматқа байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілдігінің мәлімдемесі:
Бұл оқиға 19 тамыз күні қаладағы Атырау селолық мешітінде орын алды. Мешітте имам уағыз айтып жатқан болатын. Мешітке тұрақты түрде келіп жүрген Темірхан Есқалиев есімді азамат уағыз тыңдамай, телефонына қарап отырды.
Оның бұл әрекеті жанындағы жамағатқа кері әсерін тигізді. Олар Темірханнан уағыз кезінде телефон ұстамауын, имамның насихатын тыңдауын сұрады. Жамағат тарапынан оған бірнеше рет ескерту жасалды. Алайда Темірхан ескертуге құлақ аспады. Керісінше мешіт ішінде дауыс көтеріп, шу шығарды. Мешіттің ішкі тәртібіне бағынбай, қарапайым әдеп қағидаттарын өрескел бұзды.
Осыдан кейін белсенді жамағат оны наиб имамдар бөлмесіне алып келді. Мешіттің наиб имамдары ол азаматпен жеке сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Темірхан кінәсін түсініп, жамағаттан кешірім сұрады.
Темірхан Есқалиев – мешітке келуші азамат. Оның мешіттің ішкі тәртібіне бағынбай, шу шығару әрекеттері бұған дейін бірнеше рет қайталанған болатын. Алайда ол енді мұндай әрекетке бармайтынын айтып, мешіт жамағатына уәде берді.
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілдігі