Құран оқудың сауабы

Ахмед ибн Ханбал (р.а.) Алла Тағаланы түсінде жүз мәрте көріпті. Мұндай түс көру – Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсінде көру сияқты болмайды.

Бұл біз бір-бірімізді көргендей емес. Бәлки, түсінде Алланы көргендей, Онымен бірге болғандай сезіну десек болады.

Осындай бір түсінде Ахмед ибн Ханбал (р.а.) Алла Тағаладан:

– Иә Раббым Алла! Өзіңе пендең қайсы амалымен ең жақын болады? – деп сұрапты.

Алла Тағала:

– Менің Кәламым – Құранды оқуымен, – деп жауап беріпті.

Сонда имам Ахмед (р.а.):

– Түсініп оқыса ма, жоқ әлде, түсінбей оқыса да ма? – деп сұрапты. Алла Тағала:

– Түсініп оқыса да, түсінбей оқыса да, – деп жауап беріпті. Сондықтан баршамыз Құран оқуға, не хатым Құран тыңдауға тырысайық.

Әлбетте, Құранды түсініп оқу нұр үстіне нұр. Рамазан айының тарауық намазында, хатым Құран оқылуына қатысу үлкен сауап. Алла баршамызға әрдайым Құран оқу мен тыңдау бақытын нәсіп етсін!

Қуат ҚАБДОЛДА

Kazislam.kz