amin.kz/ 31 шілде, 2020 жыл. Ұлық мейрамның алғашқы күні Жылыой ауданында 10 сиыр, 23 қой, 21 тоқты және 2 ешкі малы құрбандыққа шалынды.
Жылыой аудандық орталық мешітінің қашықтықтан ұйымдастырған құрбан шалу рәсімі нәтижесінде әлеуметтік жағдайы төмен 300 отбасына ет және бірінші қажеттіліктегі азық-түлік таратылды.
«Карантин талаптарын сақтай отырып, біз бүгін Жылыой халқының онлайн режимде құрбандық шалу аманатына атсалыстық. Пандемияға қарамастан, қасиетті күнге аман-есен жетіп отырмыз. Алла Тағалаға сансыз шүкірлік ете отырып, шалған құрбандығымыз, жасаған дұғамыз қабыл болсын деп тілейміз» дейді Жылыой ауданының бас имамы Жасұлан Қуанышұлы.
Еске сала кету керек, құрбан малының етін мұқтаж отбасылардың үйлеріне жеткізілуіне мешіт жанынан құрылған бригадалармен бірге, автоволонтерлар атсалысты.
Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.