Атырау: Құран бағышталып, құрбандық шалынуда (+ФОТО, + ВИДЕО)

amin.kz/ 31 шілде, 2020 жыл. Ұлық мереке Атырауда облыстың Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының Құран бағыштауымен басталды.

Пандемияға байланысты, онлайн форматта құрбан шалу Атырау қаласында төрт орында атқарылуда. Атап айтқанда, қазіргі уақытта   Атырауда «Тума», «Асыл агро»,  «Адал», «Қуаныш» ЖК базарларында құрбан шалу рәсімі жалғасып жатыр. Онда штаб және орталық «Иманғали» мешіті жанынан құрылған арнайы бригадалар жұмыс істеуде.

Құрбан айт мейрамында ең басты жасалатын амал – құрбан шалу.

Атыраулықтарды ұлық мерекемен құттықтаған Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы әлемді жайлаған індетке байланысты, көпшіліктің сұрауымен елімізде алғаш рет құрбандық шалу қашықтықтан ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.

“Бүгінгі таңда Атырау облысы әкімдігімен бірлесіп, “Иманғали” мешіті құрбан малын тапсырысқа сай таңдап алып, құрбандық шалуды және құрбан малының етін толықтай мұқтаж отбасыларға таратуды ұйымдастырып отыр.

Құрбан шалуды қазақ халқы болмысына сіңіріп алды. Бүгінде ұлық күн мемлекеттік деңгейдегі мерекеге айналды.

Қаншама халық Алладан елдің амандығын сұрап, құрбандық шалуда. Осынау ізгі амалымызбен Аллаға жақындай түсуді және дұғаларымызды қабыл етуді нәсіп еткей” деген Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы ұлық мерекеде ата-ана, бауырлар, ағайын, көрші-көлеммен арадағы қатынасты жақсарта түсуге амал етуге үндеді.

Еске сала кетелік, құрбандық шалуға тапсырыс беру мен мұқтаж жандардан өтініш алу үшін Qurban2020.kz сайты жұмыс істеуде.  Бүгінде сайт арқылы  300-ден аса атыраулық құрбан шалуға өтініш беріп үлгерген. 

Аталмыш сайт арқылы құрбан шалуға онлайн тапсырыс беру 1 тамызға дейін жалғасады.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.