Атырауда қасиетті Құрбан айт мерекесінің құрметіне орталық «Иманғали» мешіті жанындағы Қайырымдылық орталығында 100-ден астам отбасына киім-кешек үлестірілді.
Қайырымдылық шарасы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қамтыды.
Еске сала кетелік, Қайырымдылық орталығы 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталық екі бағытты қамтып отыр. Біріншіден, орталық көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен, жетім және жартылай жетім, мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік пакетін таратып отырады.
Екіншіден, Атырау қаласы аумағындағы азаматтар осы орталыққа өздерінің киілмей тұрған киім-кешектерін тапсыра алады.
«Біз сол киімдерді химиялық тазалудан өткізіп, мұқтаж отбасыларға таратамыз. Бір-біріне бауыр саналатын мұсылмандар қуанышпен бірге, қиыншылықтарды да бірге жеңуі керек. Алла разылығы үшін орталық жұмысына атсалысып жатқан азаматтарға Алла разы болсын» деді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.