Құрбан айттың алғашқы күнінде Атырауда 411 отбасына ет таратылды (+ ФОТО)

Атырау облысы бойынша Құрбан айттың алғашқы күні әлеуметтік жағдайы төмен 411 отбасына құрбан малының еті таратылды.

Ізгі шара негізінен мүмкіндігі шектеулі адамдарды, әлеуметтік жағдайы төмен шаңырақтарды, көп балалы, мұқтаж отбасыларды қамтыды.

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының айтуынша, құрбан айттың алғашқы күнінде 126 қой, 3 сиыр малы құрбандыққа шалынған.

«Құрбан малының еттері мұқтаждардың үйлеріне жеткізілуде. Тізім бойынша мешітке келіп алып жатқандар да бар. Және мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс жасайтын қоғамдық ұйымдар жетекшілеріне де ет тапсырып жатырмыз. Әрі қарай қоғамға мүше мүмкіндігі шектеулі адамдарға етті қоғам жетекшілері жеткізуде» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.