Құрманғазы ауданының Ақкөл ауылындағы жаңа мешіттің ашылу рәсіміне Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы барып қатысты.
Ауыл ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері, жергілікті тұрғындар қатысқан ауқымды шара 25 қазан – Республика күніне орайластырылып отыр.
«Ақкөл» мешіті 250 орындық. Замануи үлгіде салынған мешітте Құран оқу залы, намаз оқуға арналған залдар, имамдар бөлмесі бар. Сәулеті келіскен ғимарат демеушілердің, қарапайым ауыл тұрғындарының атсалысуымен ашылып отыр.
«Халқымызда «Бірлігі жарасқан ел озады» деген керемет тәмсіл бар. «Төртеуі түгел болса, төбедегі келеді» деген де халқымыз. Мешіттер бірліктің, татулықтың, тәрбиенің ордасы. Ауыл халқы азан дауысымен оянып жатса, мұның өзі керемет жағдай. Себебі, азаны бар ауыл азбайды. Мешіттеріміз ислам дінін насихаттау, дініміз бен ділімізді, салт-дәстүрлерімізді дәріптейтін ізгілік ордасы ретінде елге қызмет ететін болады» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.