Құрманғазы ауданына жұмыс сапары аясында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы «Діни сауат ашу орталығының» ашылу рәсіміне қатысты.
Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мурзиев, зиялы қауым өкілдері, жергілікті тұрғындардың қатысуымен салтанатты жағдайда ашылған білім орталығы Құрманғазы аудандық орталық «Темірәлі» мешітінің жанынан жұмыс істеп жатыр.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының тікелей қолдауымен салынған Сауат ашу орталығында шәкірттер діни сауат ашып, Құран жаттап, рухани тұрғыда терең білім алатын болады.
«Соңғы уақытта Атырау облысының шалғай ауылдарына көптеп мешіттер салынып жатыр. Бұл керемет құбылыс. Бірақ, мешіттер сауатты кадрлармен қамтылуы керек. Атырауда діни кадр тапшылығы айқын сезіліп отырғаны белгілі. Осы ретте, отыз орындық орталық облысқа қажетті діни кадрлар даярлау ісіне үлес қосатын болады. Бұл жерде шәкірттердің алаңсыз білім алуына барлық мүмкіндік қарастырылған» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Еске сала кетелік, «Діни сауат ашу орталығы» Атырау облысындағы аудандар бойынша алғаш рет Құрманғазы ауданында ашылып отыр. Діни білім алуға толық жағдай жасалған орталық шәкірттерді қабылдауды бастады.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.