Рамазан: «Иманғали» мешітінде алғашқы ауызашар қоржындары таратылды (+ВИДЕО)

Қасиетті Рамазанның алғашқы күні Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінде 300 адамға ауызашар қоржындары таратылды.

Осылайша, мешіттерде карантин талаптарын сақтай отырып, ауызашар беру рәсімі қашықтықтан ұйымдастырылуда.

«Отыз күн оразада ауызашар қоржындары аналарға, әлеуметтік мекеме қызметкерлеріне таратылады. Сонымен бірге, дәрігер, өрт сөндірушілер сынды адам өмірінің қауіпсіздігі үшін күні-түні еңбек етіп жүрген бүгінгінің батырларын да Рамазан қоржындарымен қуанту жоспарда» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Еске сала кетелік, биыл ораза отыз күн. Пандемияға байланысты, коронавирус инфекциясының таралу жылдамдығына орай, «қызыл аймақта» тұрған өңірлерде Тарауық намазы оқылмайды. Десе де, санитарлық талаптарды сақтай отырып, мешіттерде бес уақыт намаз оқуға рұқсат берілген.

Пітір садақа мөлшері – 420 теңге. Пітір садақаны «каспий. кз» қосымшасы арқылы онлайн форматта беруге де болады.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.