Рамазан кезінде Атырау мешіттерінде бірнеше рухани жобалар іске қосылады

«Намаз оқып үйренейік», «Ораза жайлы білесіз бе?» атты жобаларға кез келген адам қатысып, өзінің рухани білімін арттыра алады.

Бұл туралы Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

«Рамазан – ауыз бекітумен ғана шектелетін ай емес. Айлардың сұлтаны Рамазанда адам өзін жан-жақты тәрбиелеуі керек. Осы мақсатта біз «Намаз оқып үйренейік» атты 29 күндік дәріс жобасын қолға алып отырмыз. Бұл дәріске кез келген адам қатыса алады. Мешіт ұстаздары намаз туралы сабақ беріп, шәкірттердің сұрақтарына жауап беретін болады.

«Ораза жайлы білесіз бе?» атты рухани дәрісте Рамазан айының ерекшеліктері, адамды рухани тәрбиелеу бағыттарында сабақтар жүреді. Дәрістер 29 күн бойы облыс бойынша барлық мешіттерде жүргізіледі» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Еске сала кетелік, биыл Рамазан айы 23 наурызда басталады. Және биыл қасиетті ораза 29 күнге созылады. Ал, сәуір айының 17-нен 18-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 21 сәуір – ораза айт мерекесі.