Салауатты өмір – жан мен тәнді үйлесімді етеді

Кез келген адам өмірінің берекелі және жақсылыққа толы болғанын қалайды. Өмірде жетістікке жету үшін жан-жақты ізденеді. Салауатты өмір сүруге дағдыланады. Әркім салауаттылықты әр түрлі түсінеді.

Кейбір адамдар үшін салауаттылық денінің саулығы болса, басқалар салауаттылықты білімді болу деп ұғады. Салауатты болу үшін адам дұрыс өмір сүру керек. Салауаттылық – адам рухының, ақыл парасатының, денсаулығының амандығы. Салауаттылық деген сөздің өзі «аман болу», «дұрыс болу» деген мағынаны білдіреді. Рухани салауаттылық – ақыл және сананың аман болуы. Сондай-ақ денсаулығы да мығым болуы қажет. Жан мен тәннің үйлесім табуы аса маңызды.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Аср» сүресінде адам баласының зиян шегетінін айтады. Тек Аллаға сеніп, иман келтіргендер мен жақсылыққа бет бұрып, амал еткендер ғана құтылатынын жеткізеді. Назар аударсақ: «Шынында адам баласы – зиян шегуші. Тек иман келтіргендердің, соған сай (өздерін һәм бүкіл қоғамды түзеуге бағытталған) игілікті істерді атқарғандардың, бір-біріне ақиқатты насихаттайтындардың және (қайғы-қасіретте, ауыртпалық түскенде, сондай-ақ тура жолдан таймау һәм асау нәпсі мен әзәзіл шайтанға ермеу мәселесінде) бірін-бірі сабырға шақыратындардың жөні бөлек». Имам Шафиғи «Аср» сүресіне байланысты: «Құранның басқа сүрелері түспей, тек қана осы сүре түскенде, бұл сүре екі дүниенің де бақытына қол жеткізу үшін жеткілікті болар еді»,– деген.

Саңлақ сахабалар бас қосқанда міндетті түрде екі жаққа кетпей тұрып осы сүрені оқитын. Себебі бұл сүре адамның өмірін толық қамтиды. Рухани, ақыл және денсаулық салауаттылығының қалай жүзеге асатынын көрсетеді. Рухани салауаттылық – адамның ақыл санасының амандығы. Адасу және жансақ сенімдерден аман, аулақ болу. Дүниетанымның дұрыс қалыптасуы. Сенімі мен дүниетанымы айқын, берік болған адам өмірінің мәнін ұғып, мақсатынан адаспайды.

Бір Аллаға иман келтіріп, Раббысының бар және бір екеніне сенген, өмірінің мақсатын таныған саналады. Ақиқаттан адасқан адам өмір құндылықтарынан да шатасады. Ненің дұрыс, не бұрыс екенін ажырата алмайды. Әсіресе қазіргідей дұрыс пен бұрыстың, ақ пен қараның арпалысқан шағында рухани салауаттылық өте маңызды. Керек десеңіз, ақыл мен ойдың күмәннан, адасудан аулақ болуы бәрінен маңызды. Білек күші мен денсаулығы мықты болып, бірақ рухани мүгедек болу – қасірет. Алла Тағаланың «Аср» сүресіндегі «адам баласы – зиян шегуші» дегені осы. Сол зияннан тек Алласын танып, ақ пен қараны ажыратқан жан ғана құтылады.

Рухы сау адам денсаулығына да мән беруі керек. «Аср» сүресінде Аллаға иман келтіріп, салиқалы амал атқарғандардың зиян шекпейтіні айтылған. Салиқалы амалдың қатарына күллі жақсылықты жатқызуға болады. Ол мейлі жеке басыңызға байланысты, мейлі қоршаған ортаға байланысты болсын, Аллаға қылған құлшылық, адамға істеген жақсылық, қоршаған ортаға істеген ізгіліктің бәрі салиқалы амал саналады. Ал оны жүзеге асыру үшін әрине денсаулық керек. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Күшті мұсылман әлсіз мұсылманға қарағанда Алла Тағалаға жағымды әрі қайырлы», – деген (Мүслим). Ислам дінінде жеке адам мен қоғамның мүддесі бірдей қаралады.

Жеке тұлғаның амандығы мен қоғамның амандығының маңызы бірдей зор мағынаға ие. Әр мұсылман қандай күшті болса, қоғам да сондай күшті болады. Әр мұсылман Алланың ақысын білгендей, өзінің және қоғамның ақысын білуі керек. Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Абдулла ибн Амруға (оған Алла разы болсын): «Шындығында Алланың сенің алдыңда ақысы бар. Сенің денеңнің алдыңда ақысы бар. Сенің отбасыңның алдыңда ақысы бар», – деп айтты.

Салауатты өмір дегеніміз – игі істерді атқару ғана емес, күнәлі әрекеттен тыйылу, жоламау. Бұл жайында Құранда: «Алламен қатар әлдекімді немесе әлденені құдай тұтпа! Әйтпесе, айыбың бетіңе басылып, жазғырылып, қолдаусыз әрі жападан жалғыз қаласың», – делінген («Исра» сүресі, 22-аят). Бұл аятта Алла адамдарға адасудан сақтануды ескертуде. Жоғарыда айтылғандай, сенімде адасу – өмірде шатасу. Ислам білім мен парасаттың діні. Білім алу – үлкен жауапкершілік, салауаттылықтың төресі.

Алла Тағала «Исра» сүресінің 36-аятында: «Өзің нақты білмейтін нәрсенің (мәліметтің) соңына түспе (яғни білмегенді білдім, көрмегенді көрдім, естімегенді естідім деп айтпа). Шындығында, адам баласы құлақ, көз және жүрек сынды дене мүшелерін қалай басқарып-қолданғанына қатысты (Алла алдында) жауапқа тартылады», – делінген. Демек салауаттылық дегеніміз – сөйлеген сөзіміз бен іс-әрекетімізде Алла Тағаланың және адамдардың алдында жауапкершілікті сезіну.

Алланың бұйырғанын бұлжытпай, қайтарғанына жоламау. Қолдан келгенше кішіпейіл болу, тәкаппарлық пен дандайсу – мұсылманның келбеті емес. «Исра» сүресінің 37-аятында Алла бізге былай деп ескертеді: «Сондай-ақ жер бетінде кердеңдеп жүрме! (Сен өзіңді қанша жерден мықтымын деп санасаң да күш-қуатың, білімің және қабілетің шектеулі болғандықтан) бәрібір жерді жара алмайсың, таулармен де бой теңестіре алмайсың!».

Салауаттылық жаңа ғана пайда болған нәрсе емес, оған дағдылану да қиын емес. Дініне бекем болған ата-бабаларымыз салауатты өмір сүре білген. Еліне, жеріне, Отаны мен өзіне пайдалы болған. Олар салауаттылықтың атасы діндарлық деп білген. Бізге де Алла сондай болуды жазсын!

Мәди АЙДАРХАНҰЛЫ,

РАНТ мүшесі

«Иман» журналы, №10, 2023 жыл