Шұғыл! Атырау облысының Бас имамы Қадір түнінде құлшылықтар қайда жасалатынын айтты

Атырау облысы бойынша Қадір түнгі құлшылықтар толықтай үйде жасалады. «Атырау» телеарнасы арқылы сағат 23.00-00.00 аралығында жасалған құлшылықтар тікелей эфирде көрсетіліп, түнгі сағат 02.00-ге дейін «Иманғали» мешітінің әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы онлайн уағыздар айтылады. Және Құран Хатым түсіріледі.

«Мұндай шешім өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты қабылданып отыр» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

«Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы хабарлағанындай, жұқпалы дертпен оқшаулану арқылы ғана күресудің маңызы күн сайын артуда.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі пандемиялық жағдайды ескеріп, қауіпті дерттің таралуын алдын алу үшін қасиетті Қадір түнінде мешітте орындалатын діни рәсімдер онлайн режимде өтетінін хабарлайды. Осы ретте Қадір кешін үйде өткізу қажеттігін қаперлеріңізге саламыз.

Қадір түнінде мешіттерде орындалатын құлшылықтар онлайн форматта мүфтияттың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан, Халық арнасынан, «Атырау» телеарнасынан, «Иманғали» мешітінің инстаграм желісіндегі ресми парақшаларынан көрсетілетін болады. Қасиетті түндегі дұға-тілектеріңіз қабыл болғай.

Қазіргі жағдайда адам өмірі және оның саулығы бізге берілген аманат екендігін ұмытпағанымыз жөн» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.