Сопылық бағытындағы зікір салу мәселесі

          Мейірімді де рахымды Алланың атымен бастаймын! Күллі мадақ пен мақтау жалғыз Аллаға тән және оның елшісі Мұхаммедке Алланың сәлемі болғай!

          Ислам діні әлемдік әрі ауқымы, кең дін. Оның ішінде көптеген мәселелер мен түрлі проблемалардың шешімдері тұнып жатыр. Сол секілді ислам дінінің ішінде де басқа діндердегідей түрлі топтар мен бағыттар да жеткілікті. Олардың ішінде дұрысы мен бұрысы да бар. Ислам дінінің ішіндегі топтар мен ағымдарға арнайы уақыт бөліп, түсіндіру керек болғандықтан, қазіргі таңдағы маңызды мәселелердің бірі болған сопылық ұстанымға қатысты кейбір түйткіл жағдайлардың басын ашып, құпия қырларын қалың бұқараға ашықтап түсіндіру дін мамандарының бір борышы деп білемін. Атап айтқанда сопылық бағыттағы зікір салу мәселесіне қатысты жеке тоқталып, оның қыр-сырлары мен дұрыс және бұрыс жақтарын ашықтап түсіндіруді жөн санадым.

Жалпылай «зікір» сөзінің өзіне жеке тоқталып, оны түсіндіретін болсақ, бұл сөздің мағынасы – еске алу, мақтау, мадақтау, болмақ. Яғни кез-келген мұсылман адам Алланың көркем сипаттары арқылы немесе Аллаға тән көркем сөздер арқылы Алланың еске алып, оны мақтап, мадақтауды – зікір айту, зікір салу т.б деп айтады. Шындығына келген кезде, зікір айту ислам шариғаты бойынша өте дұрыс, құп көрілген амалдардың бірі. Тіпті Пайғамбардың ﷺ өзі көп зікір айтуға бұйырылып, және өзі басқаларды да осылай жасауға шақырған.

Құранның көптеген аяттарында зікір айту, зікір айтудың пайдалары туралы айтылған. Солардың бірі: «Ұлы раббыңның есімін айтып, оны пәкте» (Әъла 1), «Раббыңды жер мен аспандағылардың барлығы пәктейді» (Хадид 1, Хашр 1, Саф 1, Жұма 1). Сол секілді басқа да аяттарда осы секілді мағынаны білдіретін жерлері кездеседі. Пайғамбар ﷺ хадистерінде де зікір айтуға қатысты көптеген мәселелер айтылған. Келесі мәселе, сопылық бағыттағы зікірге арнайы тоқталсақ, сопылық жолдардың өзі бірнеше бағытқа бөлініп, олардың ішінде де адасушы не дұрыс бағытта келе жатқандары да бар.

Кейбір топтары мына жағдайды өте құп көріп, тіпті оны аса маңызды іс деп санайды. Атап айтқанда, зікір айтқан кезде, жан-жаққа қарап секіріп, жүгіріп немесе т.б ерсі әрекеттер арқылы, сырт көзге жынданған адамдар секілді көріну. Ал дәл осы мәселеге байланысты ислам шариғаты не дейді?

Осының жауабын қарастырып көрейік. Бұған байланысты біз, Сирия еленің ғалымы Абдулқадир Иса мырзаның «Хақаиқ ән тасауф» кітабына жүгінеміз. Ғалым бұл кітапта аталмыш мәселеге былай деп тоқталады: «Жалпы алғанда, сахабалар кезеңінде зікір айту мәселесі қалыптасқан еді. Ол кісілер зікір айтқан кезде, қазіргі заманғы мұсылмандар секілді бірнеше минут Алланы тілмен ғана еске алып, дүние тіршілігіне қарай асығып тұрмай, керісінше зікір айту барысында бірнеше сағатын жұмсап, көптеген уақыт бойы Алланы еске алумен, тіпті олардың өмірі түгелдерлік Алланы еске алумен тығыз байланысты еді. Міне осылайша, бірнеше сағат бойы бір орында тапжылмай отыратын сахабалар ұйықтап кетпес үшін зікір барысында қозғалыс жасап отыратын еді. Яғни олардың қозғалысы, жел талды қалай қозғалтса, тура солай болатын еді. Жел талды қозғаған кездегі көркем көрінісі ешбір адамға ерсі көрінбесі анық». Байқап отырсаңыз, қазіргі таңдағы адасушы топтардың істеп жүрген әрбір амалының түп-негізі шариғатта болуы мүмкін.

Бірақ та уақыт өте келе, сол амалдар жаңарып, оған түрлі қоспалар қосылып, ақыр соңында қаймағы бұзылған амалдарға айналып кетіп жатады. Сахабалар ұйқыдан алыс болуы үшін, өз денелерін сергек ұстауы үшін көркем бейнеде қозғалыс жасаса, осы жағдайды негізге алып, бірақ та бұрмалап, қазіргі таңда жынданған адамдарша әрекет ететін түрлі топтардың ерсі амалын көрген, исламнан алыс болған адамдарда сол арқылы, асыл дінімізге деген теріс пікірлер қалыптасып жатады. Имам Ғазали атты ғалым да сопылақ топтардың тура осылай жасап жатқан амалдарын «бидғат амал» деп бағалаған. Дін саласының мамадарының негізгі мақсаты – қалың бұқараға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін аражігін бөліп, ашықтап түсіндіру болмақ. Сондықтан да, осы мәселенің түйінін қара халыққа барынша жан-жақтылы ашуға тырысып, оның қыр-сырын аз да болса түсіндіргіміз келеді.

Барлық нәрсенің шындығын білуші жалғыз болған, пәк Алла, оған барлық мақтаулар мен мадақтар болғай, ол барлығымызды өзінің тура жолынан тайдырмағай деп тілейміз!  

Ахад ҚҰРАЛОВ,

Атырау селолық мешітінің ұстазы.