Жасанды түсік жасату үкімі: Ғұламалар кеңесі бірқатар пәтуа қабылдады

Өскемен қаласында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде өткен Ғұламалар кеңесінің ХХХ мәжілісінде 10 пәтуа қабылданды. Бұл туралы кеңес хатшысы, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров хабарлады.

Оның мәлімдеуінше, кеңесте 1 концептуалды құжат пен 2 ғылыми жоба талқыланған. Сонымен қатар түрлі тақырыпта жазылған 10 пәтуа қабылданған. Атап айтқанда, нәпақа берудің үкімі, түсік құны туралы үкім, жасанды түсіктің төлемі, жалға алған мүлікті жалға беру үкімі, үй құстарын механикалық аппаратпен бауыздау үкімі, боза ішу үкімі, т.б. пәтуалар бекітілген.

Айта кетсек, ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесі шариғат негіздеріне сүйеніп, мұсылман қауымы арасында туындаған түйткілді мәселелерді талқылап, дер кезінде шешім шығарып, пәтуа қабылдап келеді. Кеңес жұмысында осыған дейін 35 концептуалды құжат қаралып, шариғат аясында отбасы және неке мәселесі, медицина, құқық, қаржы, т.б. салалар бойынша 100-ге жуық пәтуа бекітілген. Сонымен қатар кеңес жұмысында өзекті тақырыптарды қамтыған 8 кітап талқыланып, баспаға ұсынылған.