Тәкаппарлық құрдымға жетелейді

Өркөкіректік, тәкаппарлық – адамды өзін өрде жүргендей сезіндіретін, ал шын мәнінде оны өрге емес, керісінше құрдымға жетелейтін жағымсыз қасиеттердің бірі. Бұл жағымсыз қасиет шайтанға тән сипат.

Сол үшін Құран Кәрімде Алла Тағала өркөкіректікке тыйым салып:
«Жер бетінде көкірек керіп жүрме» – деген. (Исра сүресі 37 аят.)
Алланың елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде:
«Сізге тозақтықтарды айтайын ба? Олар – дөрекі, сараң және өркөкіректер» – деген. (Бұхари, Әдеп, 61; Мүслим, Жәннат, 46; Тирмизи, Жәһаннам, 13)

Тағы бір хадисте:
«Жүрегінде зәредей тәкаппарлық болған адам жұмаққа кіре алмайды» – делінген. (Мүслим, Иман, 107) Осы хадистердің мағынасына сабақтастырып Ы. Алтынсарин оқырмандарына:
Бұзбаңыз әділдікті бұл мал үшін,
Жиясыз оны дағы бір жан үшін.
Әзәзіл періштенің бастығы екен,
Не болды тәкаппарлық қылғаны үшін? – деп ескертеді.


Шайтан Алланың рақымынан осы тәкаппарлығы үшін мақұрым қалған. Шын мәнінде ешбір адам басқа адамнан ешқандай айырмашылығы жоқ. Жақсы іс жасаса сауап, жаман іс жасаса жаза бәріне бірдей беріледі.


Пайғамбарымыз өркөкірек, тәкаппар адамдар жайлы:
«Бір күні бір адам әдемі киімдерін киіп алып, маңғазданып кетіп бара жатыр еді. Шашын тараған, өз-өзіне көңілі толып, жұртқа өзін көрсеткісі келген әлгі адамды Алла Тағала жердің түбіне түсіріп жіберді. Қиямет күніне дейін жердің астында тыпырлаған күйінде қалады», – деген.
(«Тақуалар бақтары» – 2 том, 47 бет)


Тәкаппарлықтың абырой әкелмейтінін білген аталарымыз:
Құдайдың барын білмеген
Айтқан жерге жүрмеген,
Менменсіген зор кеуде
Қисық жүріп кете алмас,
Аспанменен өте алмас.
Алдындағы жолығар
Құдайдың құрған тезіне
(Шортанбай)

Менменнің жүрмес тәубесі,
Ақыры көрер қорлықты.
Тәкаппарлық кім қылса,
Сол көреді зорлықты
(Бабалар сөзі)


Кейбір жағдайда қоғамда да өркөкірек, менменшіл адамдарды көптеп кездестіріп қаламыз. Тіпті «сен кімсің, маған пәлен түген дейтін?!»  деп жөн сөзге тоқтамастан көкірек соғатындар да баршылық. Адам өз өзін түзетпесе оны ешкім түзетпейтін қағиданы естен шығармауымыз керек.

Ондай адамдарға айтарымыз дана халқымыз: «Ұлық болсаң кішік бол», «Кішіпейілділіктен кішіреймейсің» деген ұлағатты сөздеріне мән берсе екен. Алла баршамызды тәкаппар болудан сақтасын!


Нұрлан ЖАРҚЫМБАЕВ, «Сұлтан Бейбарыс» мешітінің наиб имамы.