Қасиетті Құранда Алла Тағала біздерді тақуалыққа шақырып қана қоймай, жүрегінде тақуалық орнаған адамдардың бойынан көрініс табатын кейбір сипаттарды да баяндаған. Ол сипаттар мынадай:
Бірінші: Ғайыпқа иман етеді
Ғайып – адамның көзінен тысқары, көрінбейтін заттарға қолданылады. Ғайыпқа иман ету ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкелген хабарларына шын жүректен күмәнданбастан сенумен жүзеге асады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің алғашқы аяттарында тақуа жандарды:
«Міне, осы Кітапта күдік жоқ, тақуалар үшін тура жол көрсетуші. Сондай, олар ғайыпқа иман келтіреді», – деп сипаттаған («Бақара» сүресі, 2-3-аяттар). Тәпсірде: «Ғайып – барлық Алла елшісі арқылы хабар етілген, ақыл-пайым жетпейтін: қиямет-қайым, қабір азабы, махшарда жиналу, қайта тірілу, сират көпірі, жәннат, тозақ сияқты т.б. мәселелерді білдіреді», – деп айтылған. Адам көзіне көрінетін барлық нәрсеге сенетіні рас. Бірақ, көзге көрінбейтін нәрсеге сену әркімнің қолынан келе бермесі анық. Сондықтан, ғайыпқа иман ету – нағыз тақуа құлдарға тән сипат.
Екінші: Ашуларын ұстайды
«Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос» демекші, тақуа жандар ашуларын ақылдарына жеңгізе біледі. Қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінің 133-134-аяттарында Алла Тағала:
«Раббыларыңның жарылқауы мен кеңдігі жер мен көктей жәннатына жарысыңдар. (Бұлар) тақуалар үшін әзірленген. Олар –(тақуалар) кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында мал сарп қылғандар. Сондай-ақ ашуларын жұтушылар, адамдарды кешірім етушілер. Алла игілік істеушілерді жақсы көреді», – деген. Бұл аяттарда Алла Тағаланың жарылқауы мен жәннаты тақуалар үшін әзірленгені баяндалғаннан кейін, тақуа құлдардың бірнеше сипаттары айтылған. Олар: таршылықта да, баршылықта да қолында барымен өзгелерге жәрдем беретіндер, ашуларын ұстай алатындар әрі өзгенің кемшілігіне кешіріммен қарағандар.
Алла Тағала адам баласының бойына жақсы және жаман мінезді қоса жаратқан. Мұның өзі адам баласы үшін үлкен сынақ. Құран адам бойындағы ондай теріс мінездерді тәрбиелеп, өзгелерге зиян беруден тыю керектігін үйретеді. Осы себептен де Алла Тағала тақуа құлдарын сипаттағанда:
«Ашуларын жұтушылар», – деп айтқан. Демек, тақуа адамға да ашу келуі мүмкін. Алайда тақуа жанның өзге адамнан артықшылығы – келген ашуына ие болып, өзгелерге тілімен не қолымен зиян келтіруден нәпсісін тыйып, ашуын жұта біледі.
Үшінші: Адамдардың кемшілігін кешіреді
Алла Тағала «Әли Имран» сүресінің 134-аятында тақуа құлдары жайында баяндағанда:
«Ашуларын жұтушылар, адамдарды кешірім етушілер» деп екі сипатты бірдей айтуы тегін емес. Себебі, кейде адам өзгелер оның ақысына зиян тигізген кезде ашуына ие болғанымен, жүрегінде кек сақтап, бойында реніш қалып кетуі мүмкін. «Жақсы кісінің ашуы – шай орамал кепкенше» дегендей, тақуа жандар ашуын жұтумен қатар, өзін ренжіткен адамды бірден кешіріп жібереді. Осы себепті де қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 237-аятында Алла Тағала:
«Кешірімділік етулерің тақуалыққа жақынырақ», – деп айтқан.
Мысалы, Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) өзінің туысы әрі кедей болғандықтан Мистах атты кісіге әрдайым көмек қолын созып тұратын болған. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аяулы жары, Әбу Бәкірдің қызы Айша (Алла оған разы болсын) анамызға жала жабылғанда, сол өсекті таратушылардың бірі Мистах екендігін біледі. Алла Тағала «Нұр» сүресінде Айша анамыздың күнәсіз екендігін айтып, оған қатысты сөздердің барлығы ашық жала екендігін баяндағаннан кейін, Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Алла Тағаламен ант етейін, Мистахтың Айша жайында айтқан сөздері үшін, енді оған ешқандай да көмек қолымды созбаймын», – деп айтады. Осы кезде қасиетті Құрандағы:
«Сендерден кеңшілік, молшылыққа ие болғандар жақындарына, міскіндерге, муһажирлерге Алла жолында бермеуге ант етпесін. Кешіріп, көңіліне алмасын. Алланың сендерді кешіруін жақсы көрмейсіңдер ме? Алла аса кешірімді, ерекше мейірімді», – делінген аят нәзіл болады («Нұр» сүресі, 22-аят). Сонда Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Әрине, Алланың атымен ант етейін, расында мен Алла Тағаланың мені кешіргендігін жақсы көремін», – деп, Мистахқа барып, оған бұрын көмектесіп тұрғанындай, қайтадан көмек беруін жаластырады.
Төртінші: Нәпсісін жаман қалауларынан тыяды
Әдетте күнәлі істерге үйір болған адамдар шайтан азғырып, белгілі бір күнәлі іске шақырған уақытта, еш ойланбастан, оның азғыруына еріп кете береді. Ал тақуа құлдар шайтан оны күнәлі іске шақырғанда, оның азғыруына ермей, дінінде бекем болады. Қасиетті Құрандағы «Ағраф» сүресінің 201-аятында Алла Тағала:
«Расында тақуаларға шайтан тарапынан бір сыбыс тисе, олар еске алады да қырағылық істейді», – деген. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыз өлең жолдарында осыған байланысты:
«Шайтанның, шамаң келсе, сындыр белін,
Ол иттің керек қылма жауын елін.
Бір іске өкінбейін деп ойласаң,
Нәпсіңнің достық айтқан алма тілін», – деген.
Ендеше, адам өзінің көңіл қалауын игеруі, оны жақсылыққа бағыттауы өте маңызды істерден. Себебі адам көңіл қалауына еріп, нәпсінің айтқанымен жүріп кетсе, кейін өкінішке алып келетін, үлкен күнәларға дейін душар етуі мүмкін. Қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 201-аятында Алла Тағала:
«Кімде-кім Алланың алдында (сұраққа тартылып) тұрудан қорықса, нәпсіні қалауынан тыйса, оның барар орны жәннат болады», – деп айтқан.
Мұсылман адам үшін Қасиетті Құранда баяндалған тақуа жандардың сипаттарын біліп, оған амал істеу өте маңызды. Пайғамбарымыздың немересі Хусейн (Алла оған разы болсын) намазға дайындалып, дәрет алайын деп отырғанында қасына бір құл келіп, қолына су құймақшы болады. Алайда, құлдың қолынан құмғаны түсіп кетіп, Хусейннің басына тиіп, жерге түсіп, сынып қалады. Осы кезде Хусейннің бойын ашу кернегенін көрген құл, не істерін білмей, қасиетті Құрандағы:
«Ашуларын жұтушылар», – делінген аятты оқиды. Хуйсейн (Алла оған разы болсын) қатты ашуға булығып тұрса да, Алла аятын естігенде: «Жұттым ашуымды» дейді екен. Құл аятты ары қарай жалғастырып:
«Адамдарды кешірім етушілер», – деп айтады. Хусейн (Алла оған разы болсын): «Әлбетте, мен сені кешірдім» дейді. Құл аяттың соңғы сөздерін оқып:
«Алла Тағала игілік істеушілерді жақсы көреді», – деп айтқан кезде, Хусейн орнынан тұрып, құлдың иесіне барып, оны сатып алып, басына бостандық сыйлаған екен.
Хәкім Абайдың: «Болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз» деп айтқанындай, біз де бойымызда осындай игі сипаттар қалыптастыруға тырысайық.
Алтынбек Ұтысханұлы,
Атырау облысының Бас имамы.