Бас мүфти Астана медресе – колледжі түлектеріне диплом тапсырды

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Астана» медресе-колледжі ұйымдастырған «Жолың болсын, жас түлек» іс-шарасына қатысты. Медресе-колледж қабырғасынан түлеп ұшқан шәкірттер Бас мүфти қолынан диплом алды.

Түлектердің оқу жылын бітіру шарасы қасиетті Құранмен басталды. Алғашқы сөз тізгінін алған ҚМДБ Төрағасы медресе ұжымын құттықтап, жаңа белеске көтерілген шәкірттерге батасын берді.

«Алла Тағала қасиетті Құран аятында: «Білгендер мен білмегендер тең бе?» деп айт», – деп бұйырады. Ілім жолы – жәннатқа апарар жол. Дінімізде білім алудың маңызы зор. Сіздер Алланы тану, қасиетті Құранды оқып, жаттап, Ислам ілімін де меңгердіңіздер. Еліміздегі әрбір медресе, діни оқу орындары назарымыздан тыс қалған емес. Қандай оқу орнында білім жалғастырамын десеңіздер, қолдауға дайынбыз. Имамдық, ұстаздық қызметке баратындарға да жол ашық. Алла осы жерден алған ілімдеріңізді қайырлы, берекелі етсін!» деді Бас мүфти.

Сондай-ақ Наурызбай қажы Тағанұлы оқу орындағы грант санын 50-ге дейін жеткізу жоспарда бар екенін айтты. Сондай-ақ елорда әкімдігінің қолдауымен Нұр-Мүбарак университетіне қосымша 15 грант бөлінетінін жеткізді.

Түлектерге диплом табыстау шарасында Бас мүфти медреседен Құранды толық жаттаған Нұрберген Хайреддин мен Еркінбек Мұсабекке Діни басқарма атынан сый-сияпат табыстап, олардың ата-анасына да құрмет көрсетті. Биыл «Астана» медресе-колледжінен 26 шәкірт түлеп ұшты. Оның 8-і қызыл диплом иегері атанды.

Айта кетейік, «Жолың болсын, жас түлек» шарасына ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов, «Астана» медресе-колледжінің директоры Бақтыбай Бейсенбаев, Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов және медресе ұстаздары қатысты