Тәуелсіздік – Алла Тағаланың бізге берген ұлы нығметі. Тәуелсіз ел – бақытты ел. Баршаңызды 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әрбір отбасыға бақыт пен береке, татулық пен тыныштық тілеймін.
Тәуелсіздік – егеменді ел болуға бар күш-қайратын сарп етіп, шейіт болған бабалар рухына қасиетті Құран аяттарын бағыштайтын, келешек ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеп, дербес мемлекет болудың қадірін сезіндіретін, олардың бойына патриотизмді, елге, жерге қызмет етудің маңызын түсіндіретін мәні зор мереке.
Өйткені тәуелсіздік алу ұлы арман болса, оны сақтап қалу одан да қымбат құндылығымыз. Еліміздегі әрбір азамат осындай ортақ мақсат жолында бірлігін көрсетуі керек деп санаймыз.
Алла Тағала жерімізді жаудан, жұртымызды даудан аман еткей. Азаттық жолында құрбан болған ата-бабаларымыздың рухы шат болғай. Халқымыз аман, жеріміз тыныш, Тәуелсіздігіміз әрқашан баянды болғай. Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти