Қазақ халқында ислам дінімен ұштасқан, тамаша қалыптасқан отбасылық тәрбиенің озық үлгісі бар. Тәрбиенің бұл тамаша озық үлгісі ғасырлар сынынан өткен, ұлағат пен өнеге сіңген зор тағылымдардың құндылығының жиынтығы деуге болады.
Халқымыз тектілікке ерекше маңыз берген. Текті болу дегеніміз-өнеге мен әдептіліктің ғасырларға жалғасқан үрдісін сақтауға жатады.
Ислам дінінде отбасы бірлігіне айырықша маңыз берген. Отбасы- исламда баға жетпес құндылықтар ретінде әспеттеледі. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жете түсініп, тұтас қоғамды таза ұстаудың бірден-бір кепілі – отбасы тәрбиесі мен жанұя құндылықтарында екендігіне маңыз берген.
Ардақты пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай деген: «Ер кісі отбасының бақташысы, сондықтан ол қол астындағыларға жауапты»- деген. Осыған қарап ақ отбасы мүшелерінің өзара міндеттерін исламда анық көрсетілген. Отбасын асыраушы ретінде ер адамның жауапкершілігін айқындап өткен. Әйел өз үйі мен балаларының бақташысы, сол үшін жауапты деп, әйелді отбасы берекесі, жәнеде балардын тәлім- тарбиесіне, жауапты әрі міндетіне кіреді.
Ислам дінінде ер адам өз шаңырағына жауапты. Алла Тағала Құран Кәрімде:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا قُوا أَنفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَاراً
«Ей мүміндер! Өздеріңді және үй-іштеріңді (жанұяларыңды) тозақ отынан қорғаңдар!»– деп бұйырған. Бұл аяттың мағынасына қатысты имам Табари өз тәпсір кітәбінің 28-том, 165-бетінде былай деген: «Бір-бірлеріңе және жанұяларыңа Алла парыз қылған құлшылықтарды үйретіп өздеріңді және жанұяларыңды тозақ отынан сақтаңдар»-десе, имам Қуртубидің тәфсирінде 18-том, 196-бетінде имам Муқатил ибн Хайам: «Бала шағамызға дінді, хайыр жақсылықтарды және дін этикасын үйрету бізге міндет» – деп түсіндіреді. Сондай-ақ тәрбие мәселесіне қатысты тағы бір Құран аятында былай делінген:
وَأْمُرْ أَهْلَكَ بِالصَّلَاةِ وَاصْطَبِرْ عَلَيْهَا
«Үй ішіңді намазға бұйыр және өзің де оған көңіл бөл»-деген. Яғни ер адам отбасы мүшелерін жақсылыққа тәрбиелеуге міндетті. Қарамағындағыларға имандылықты, ибаны, адамгершілікті және басқа да ізгі қасиеттерді үйретуші
Алла елшісінің шаңырағында өсек-аяңға жол берілмейтін. Өйткені барлық жақсылықты айтылған ғайбаттың жойып жіберетіндігін жақсы білетін. Бір жолы Айша анамыз әлдекімді сыртынан «Бойы қысқа» деп қалғанда, пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Айша, бұндай сөзіңді қой. Мына сөзіңді теңізге тастаса, тұтас былғап жібергендей екен», – дейді. Демек отағасы ретінде Алла елшісі жанұяда өсек-аяңның айтылуына жол бермейтін.
Қазіргі уақытта отбасының іргесі берік болмауы ерлі-зайыптылардың қарапайым отбасылық құндылықтарды, өзара міндеттері мен жауапкершіліктерін білмеуінде. Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен өсиетте ізгі әйелдің сипаты былай баяндалады: «Аллаға деген тақуалығынан кейін мүмин үшін ізгі әйелден артық қазына жоқ. (Ізгі әйел) күйеуінің тілін алады, күйеуі мұндай жарының жүзіне қараса, жаны жадырайды. Күйеуі істе деген шаруаны орындап, істеме дегенге жоламайды. Сондай-ақ, күйеуінің сырын, ар-намысы мен абыройын сақтайды. Күйеуі жоқ кезде қиянат етпейді»– деген.
Қай халық болсын ұрпағының тәрбиесіне терең мән беріп, болашағына үнемі алаңдаушылықпен қараған. Ұрпақ тәрбиесі келешек қоғам мұрагерлерін тәрбиелеу ісі. Жалпылай алғанда адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиеттерімен ардақталатыны мәлім. Адамгершілік негізі – имандылық пен ізеттілікте. Ол әрбір отбасынан басталады. Осыны жадында тұтқан қазақ халқы жастарды кішіпейілділікке, ізеттілікке, инабаттылыққа тәрбиелеуді бірінші міндет деп санаған. Халқымыз:«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер»-дейді. Ата-ананың үйдегі іс-әрекеті балалардың көз алдында өтеді. Сондықтан жақсы мен жаман әдетіміздің бала тәрбиесіне ықпалы зор.
Бүгінгі бәсекеге қабілетті талап еткен қоғамда жас ұрпақты сол қоғам мүддесіне сай, оның мұң-мұқтажын өтерлік, елін, жерін, халқын көзінің қарашығындай қорғайтын ұлтжанды, кісінің алажібін аттамайтын иманды азамат етіп тәрбиелеу көзделінеді .
Бүгінгі ұрпақ ол – еліміздің болашағы. Біздің алға қойған мақсатымыз –қазіргі қоғам мұратына сай жан-жақты жарасымды тұлға өсіру .Ұрпағымызға дұрыс тәрбие бере алсақ, оның жан дүниесі де дұрыс қалыптасып жетіледі, яғни бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп өседі. Бұл қасиеттердің бәрі адамның бойында бала кезінен бастап тұрақты қалыптаспақ. Баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы жақсы мен жаманды, обал мен сауапты ажырата білуі өзін қоршаған ортасына, ата-анасына, құрбы-құрдастарына, олардың іс-әрекеттеріне және де басқа да қасиеттеріне байланысты.
Алмат ҚАРТАБАЕВ,
«Мақат аудандық» мешітінің наиб имамы