Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов Астанадағы Республикалық бас мешітте болды.
ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Түрікменстан Президентін қарсы алып, Бас мешіттің тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Бас мүфти Астанадағы жаңа мешіттің әлемдегі ең үлкен он мешіт қатарына енгенін, бүгінде құлшылық орнына келушілер саны мол екенін алға тартты.
«Мешіт ішінде 35 мың адам намаз оқи алады. Ал жалпы сыйымдылығы – 235 000 адам» дей келе, бүгінде Бас мешітті құлшылық ордасы ғана емес, рухани-ағарту орталығына айналдыру мақсатында ірі жобалар атқарылғалы жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, Түрікмен басшысы Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келді. Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Сондай-ақ екі елдің басшылары бірлескен мәлімдеме жасап, БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.