Уақыттың қадіріне жетіп жүрміз бе?

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:
«Екі нығмет бар, көпшілік адам сол екі нығметтің қадірін білмейді: бірі – денсаулық, екіншісі – бос уақыт».


Алланың адамдарға берген нығметтері өте көп. Соның ішіндегі осы уақыт қадіріне көбіміз жете бермейміз. Дүниенің күйбең тіршілігі адам баласына көп нәрселерді ұмыттырады. Бұл жалған дүние де мәңгі қалатындай боп уақытша қызылды жасыл болмашы нәрселерге алданып екі дүние де жетістікке жеткізетін ізгі амалдармен уақытымызды тиімді пайдаланбай мақұрым қап жатамыз. Уақыт ол адамға бір ақ рет берілетін қайта айналып келмейтін еш нәрсеге айырбастап ала алмайтын баға жетпес өте құнды нығмет.
Уақыт қылыш секілді. Сен оны шаппасаң ол сені шабады деген.
Мұқағали ағамыз жырлағандай:
Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға!
Бір хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес нәрсе келместен, бес нәрсенің қадірін біл: қартаймай тұрып жастық шақтың, ауырмай тұрып денсаулықтың, кедейліктен бұрын байлықтың, бір нәрсемен шұғылданбастан бұрын бос уақыттың және өлімнен бұрын өмірдің қадірін біл» деген (Имам Хаким).
Қамшының сабындай қысқа өмірімізде уақыттың қадірін білмей , өмірлік жоспарларымызды жүйелемей күнімізді өткізетін болсақ ондай өмірімізде береке болмасы анық. Адам өз өмірінің мәнді де сәнді өткізуі өзіне де тікелей байланысты. Мысалға; Таңда күн шықпай тұрып Құдайға құлшылық жасаған пенденің өмірінде кешке дейін берекеге толы болатындығы турасында аят хадистер де баян етілген.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Таңғы уақыт – береке әрі намаздың өз мақсатына жететін кезі» дейді. Тағы бір хадисінде: «Таң намазын оқығаннан кейін ырыс-несібеңізді табудан қапыда қалып, ұйықтамаңдар» (Табарани) десе, атам қазақ: «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық», деп түйген.

Қиямет қайым жақындаған кезде уақыттың өте шапшаң өтетіндігі туралы баяндалған хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммад (с.ғ.с) былай деген:
Жыл ай секілді болмайынша, ай апта секілді болмайынша, апта бір күн секілді болмайынша, күн бір сағат секілді болмайынша ақирет болмайды. (Имам Ахмадтан).
Сондықтан құрметті игі жақсылар!
Аз ғана уақытымызды бос нәрсемен жойып алмай уақыттың қадірін біліп жалған дүние де салиқалы жақсы істерімізді көбейтіп өмірімізді игілікке, берекелі амалдармен толтырайық.

Жасұлан ҚУАНЫШҰЛЫ,
Жылыой аудандық мұсылмандар мешітінің Бас имамы.