Үйлену – жауапкершіліктің бастауы

Аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын!

Адам баласы дүниеге жаратылған бері жалғыз жаратылмағаны баршаға аян. Ұлық Алла әуелі Адам атаны топырақтан жаратып содан соң Хауа анамызды оның қабырғасынан жаратқаны белгілі.

Әлемдердің Раббысының осы жаратуындағы хикметін сөзбен айтып жеткізу әрине мүмкін емес. Алайда біз оның кейбір сырларына ақылымыз арқылы үңіле аламыз. Өзіміздің өмір сүру салтымызға келетін болсақ адамға жалғыз жүру қиындық тудырары рас.

Адам балалық шақтан өтіп үлкен жасқа келгенде жанына медеу болар жанды іздейтіні шындық. Біреу боп өмір сүргеннен қарағанда екеу боп өмір сүру әлдеқайда қайырлы әрі жеңілірек болары сөзсіз.

Қасиетті Құранда Аллаһ тағала былай дейді: «Сендерді жұп-жұп етіп жараттық» Нәбә сүресі, 8-аят. Осы аяттан түсінгеніміздей ер адамға да әйел адамға да жалғыз жүру қарама қайшылық тудырады. Ал үйлену осы қайшылықтың алдын алады. Тек үйленумен іс бітеме? Әлбетте жоқ. Бойдақ өмірге бойы үйреніп қалған адамның отбасылы қалыпқа түсіп кетуі үшін уақыттар қажет болады. Сондықтан бұған адам алдын ала қам жасауы керек.

Қазақ атамыздың «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп айтқаны бекер емес. Ендеше түсініп отырғанымыздай үйлену үлкен жауапкершілікті қажет ететін іс. Отбасын құрғаннан кейін ер адамға да әйел адамға да өзіндік міндеттер жүктеледі. Ер адам түздің жұмысын жасап, бала-шағасын асырауы парыз болып табылады.

Тіпті кейбір деректерде «Ер адамның таңертең бала-шағасын асырау үшін шығып басқан әр қадамы сауап» екендігі айтылады. Ал әйел адам үйдің шаруасына мығым болып, ері жоқта оның абыройын сақтаса шынайы бақытқа қол жеткізері сөзсіз. Әрі бұл шаңырақтың шайқалмауына үлкен пайдасын тигізеді.

Әлбетте қазіргі қоғамда керағар оқиғаларды жиі естіп жатамыз. Ажырасу, әйелін ұрып-соғу, бала-шағасын асырай алмау сияқты көптеген келеңсіздіктер орын алуда. Бұның бәрі құран мен хадистен тәлім алмаудың кесірі болып табылады. Иманымызға мықты болсақ қана осындай сұмдықтарға тосқауыл бола аламыз. Сондықтан үйленгеннен кейін әрбір жанұя мүшесі өзінің жауапкершілігін тиянақты атқарса нұр үстіне нұр болады.

Самат КҮБІРБАЕВ,

«Доссор мұсылмандар» мешітінің азаншысы.