Ұстаз Сансызбай Құрбанұлы атыраулық жамағатпен кездесті

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атырауға бастап келген делегация мүшесі, белгілі шейх, ұстаз Сансызбай Құрбанұлы орталық «Иманғали» мешітінде жамағатқа насихат айтты.

Нәпсімен күресудің маңызы туралы насихат жүргізген шейх Сансызбай Құрбанұлы исламдағы ең ізгі амал – адамның өз бойындағы жаман қасиеттерді жеңу екенін атап өтті.

«Нәпсіні ешкім өлтіре алмайды, оны тәрбиелейді. Нәпсімен күресудің ең төте жолы – күн сайын өзін есепке тартып отыру. Хазіреті Омар (р.а.): «Есеп алынбай тұрып, өзіңе-өзің есеп бер», – деп өнегелі сөз қалдырған. Сондықтан адам болып жаратылудағы мақсат – Аллаға құлдық екенін ұмытпай, сол жолда өз-өзіңе мықты бақылау механизмін орнату қажет» деді ұстаз Сансызбай Құрбанұлы.

Еске сала кетелік, кеше Атырауға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған делегация келді. Сапар аясында Атырауда ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің отырысы болып, баланы қамқорлыққа алу, үздіксіз білім алу, әлеуметтік желідегі мұсылман бейнесі сынды бірқатар маңызды тақырыптар бойынша құжаттар талқыланып, пәтуалар қабылданды.

Бүгін таңда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен бірлесіп, Атырау қаласындағы Еркінқала ауылынан 500 орындық мешіттің іргетасын қалады.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.