Атырау облысы, Жылыой ауданына қарасты Жаңа Қаратон кентінде орналасқан Нұрқас Сатыбалды мешітінде бірқатар бұқаралық шаралар өтті.
Аталған мешіт имамы Жалғас Рейимовтің бастамасымен Умра қажылығын өтеп келген Бауыржан есімді азаматқа құрмет көрсетілді.
Рухани шарада Мекке Медина қаласына деген сағыныш, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) ғибратты ғұмыры мен хадистері туралы уағыз-насихат айтылды.
«Пайғамбардың сүннеті – өмір сүрудің бір жолы. Сүннет – Құран Кәрімнің хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) тарапынан жүзеге асырылған өмір сүру салты. Сондықтан, оған жәй ереже деп қарамау қажет.
Сүннет өмірді кеңінен қарастыратын, жүріс-тұрысымызға тікелей қатысты қағидалар жиынтығы. Осыған орай, төменде тізбектеліп берілген сүннеттер, хазреті пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірін толығымен қамти отырып дайындалды. Айтар болсақ, одан бізге келіп жеткен хадистердегі кейбір қағидалар сияқты оның жалпы өмірінен алынған мінез-құлық үлгілері де оның сүннетінің бір бөлігін құрайды.
Мәселен, хазреті пайғамбар (с.ғ.с.) өмірінде көптеген қиыншылықтарға тап болса да, ол ешқашан алып келген нәрсесін жеткізуден бас тартпаған. Қанша қиыншылыққа, ашаршылыққа душар болса да, оларды күресе отырып жеңе білген. Міне, бүкіл адамзаттың ең соңғы пайғамбары хазреті Мұхаммед Мұстафадан (с.ғ.с.) үлгі ретінде алатын сүннет осы болса керек. Себебі, оның дара сүннеті, өмірге бағыт- бағдар беретін аса құнды іс-әрекеттерге толы әрі өмірдің негізін құрайды» деп атап өтті Нұрқас Сатыбалды мешітінің имамы Жалғас Рейимов.
Сонымен бірге, мешітте қайырымдылық шарасы өтіп, мұқтаж 10 отбасына азық – түлік таратылды.
«Садақа – бәле жаладан қорғайды» десек, Нұрқас Сатыбалды мешітінің қайырымдылық шарасын ай сайын өткізіп отырғанын атап өткеніміз абзал.