Мүфтият жанындағы «Халал даму» мекемесі басшысы Айбек Аташев және Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы бастаған делегация Жылыой ауданында болды.
Сапар аясында делегация Жылыой орталық мешітінде жергілікті жамағатпен кездесті.
Кездесу барысында халал стандарттаудың мәні, адал ас ішудің маңыздылығы туралы насихат айтылды.
Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы «адал» ұғымының тарихи мәніне тоқталды.
«Ата-бабаларымыз тұлпарына доңыздың басқан шөбін жегізбей, адалдықты ұстанып, Алланың ақ жолынан жаңылмаған. Қазақ халқы адалдықты ерекше бағалаған. Адал жар, адал дос, адал ас, адал еңбек, адал перзент секілді ұғымдардың бәрі ұлтымыз үшін қасиетті құндылықтар.
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп әділетсіздік пен кісі ақысын жеуге жол бермеген билеріміздің, құндақтағы сәбиін дәретсіз емізбеген аналарымыздың салып кеткен сара жолы ұлт санасынан жойылмаған» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
«Халал даму» мекемесі басшысы Айбек Аташев Ұлы Жаратушы пенделеріне игілікті адалынан пайдалануды бұйырғанын айтты. «Құранда «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 2/168); «Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» («Мәида» сүресі, 5/88). Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүміндерге мейлінше харамнан сақтану керектігін өсиет еткен» деп атап өтті Айбек Аташев.