Жылыой ауданында қайырымдылық шарасы өтті

Жылыой аудандық орталық мешітінің ұйымдастыруымен қайырымдылық шарасы өтті. Шара аясында әлеуметтік жағдайы төмен 30 отбасына азық-түлік пакеттері табыс етілді.

«Қасиетті Құран Кәрім аяттарына көз жүгіртетін болсақ, жомарттық пен қайырымдылық жасаудың маңыздылығы – парыз етілген намаз сөзімен қатар жүретінін байқаймыз. Хақ Тағала Құран Кәрімнің Бақара сүресінің 3-аятында: «Олар ғайыпқа иман келтіріп, намазды толық орындап, өздеріне берген рызығымыздан жұмсайды» деген. Аят жолындағы «рызығымыздан жұмсайды» дегені – Алланың берген ризығын – Алланың разылығы үшін жұмсауға бұйырады.

Көптеген тәпсір еңбектерінде Алланың берген рызығын Аллаға жақындау үшін мал-мүлік сарып қылу жөнінде баяндалады. Сондай-ақ, шариғат бойынша қайыр-садақаға лайықты мұқтаж адамдардың санаты реттілікпен көрсетілген. Олар: Ата-ана, ағайын, туған-туысқандар, жетімдер, кедейлер және сапардағы мүсәпір жандар қайырымдылық көмегіне лайықты екені мәлім» дейді Жылыой ауданынының бас имамы Жасұлан Қағазғалиев.