Жылыой ауданының ұйымдастыруымен Атырау облысы бойынша “Құран жарысы» өтті.
Құран жарысқа қала, аудандардан 23 үміткер қатысты. Үміткерлер Құранның 5 парасын жатқа оқудан өзара сынға түсті.
Жарыс соңында Атырау облысының Бас имамы жеңімпаздарды арнайы сыйлықтармен марапаттады.
«Құран оқылғанда оған құлақ салыңдар әрі тыныштық сақтаңдар. Рақымдылыққа бөленесіңдер, – десе, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)
«Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп оны үйреткендерің», – деп өсиет қалдырған. Құранды жақсылап оқыған, әріптерін дұрыс оқуға машықтанған әрі амал етуге тырысқан мұсылман Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болатынын Айша (р.а.) анамыздан келген риуаяттан көреміз: «Құранды шебер оқуға машықтанған жан Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болады. Ал Құранды оқығанда кекештеніп қиналса, екі сауап алады», – деген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кеудесінде Құраннан еш нәрсе болмаған адам қаңырап тұрған үйге ұқсайды», – деген» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Бас жүлдені “Кіші қажылық” сертификатын Береке медресесінің шәкірті, атыраулық Асатбек Мұратұлы жеңіп алды. 1 орын Әділгерей Нұрбек (150.000т), 2 (100.000т) және 3 (50.000т) орынды Элназар Арифжанұлы мен Халид Бейбітбекұлы жеңіп алып, қаржылай сертификатпен марапатталды.
Үздік он қатысушыға ынталандыру сыйлығы берілді.
Жарыс соңында осы шараның өтуіне себепші болған “Арын” оқу орталығының басшысы Еркін қажы Арынұлына “Алғыс хат” табысталды.