Жылыой ауданына қарасты Қосшағыл ауылында жаңа мешіт ашылды.
Өткен жылдың қазан айында құрылысы басталған мешіт 300 орындық. Онда ықшамдалып тұрғызылған мешітте намаз оқу, құран оқу және имам бөлмесі бар. Ғибадат орны Қосшағыл ауылдық мешітінің бас имамы Теңел Айдарбекұлының бастамасымен, аудандағы бірқатар кәсіпкер мен ауыл халқының атсалысуымен салынып отыр.
Құлшылық үйінің салтанатты ашылу рәсіміне Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы мен Жылыой ауданының әкім Жұмабек Қаражанов қатысып, ауыл халқын құттықтады.
-«Дін – қоғамның тәрбиесі және айнасы» деген қанатты сөз бар. Осы даналықты ұстана отырып, ұрпағымыздың діни санасын қалыптастыруға қоғам болып жұмыс жасау маңызды. Алланың үйі болған бұл мешіт жамағатымен көрікті болсын. Елдің тыныштығы, халықтың бірлігі, дініміздің өркендеуі үшін қызмет ете берсін.
Бұл қасиетті жер жастарды тәрбиелейтін, ата дәстүрімізді насихаттайтын орын болары анық. Сондықтан осы игілікті іске атсалысқан барша демеушілерге, ауыл халқына, елжанды азаматтарға алғысымды айтамын. Көптен күткен мешіттің ашылуы құтты болсын!,- деді Ж.Қаражанов.
Айта кетейік, аталған құлшылық үйі ескі мешіттің орнына салынып отыр. Ауылдағы 70 орындық бұрынғы мешіт 1998 жылы пайдалануға берілген болатын.