Абай – 175: «Талаба» халықаралық сайыс өткізді

amin.kz/ 12 қыркүйек, 2020 жыл. ҚМДБ жанындағы «Талаба» қауымдастығының Түркия мен Мысыр елдеріндегі мүшелері арасында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай және бүгінгі заман» атты шығармашылық сайыс өтті.

Әсіресе Түркиядағы қауымдастық мүшелері байқауға ерекше белсенділікпен қатысты. Олар Түркияның түкпір-түкпіріндегі діни оқу орындарда оқып жатқан студент, магистрант және докторант қазақстандықтардың басын қосып, байқауға қатысуға жұмылдыруда қажырлық танытты.

Сонымен қатар сайысты тартымды да қызықты өткізу мақсатында жеңімпаздарға ақшалай сыйақы тағайындады. Мысырдағы қауымдастық мүшелері де шығармашылық сайыс өткізуді бірауыздан қолдап, барынша атсалысты.

Шығармашылық сайыстың тақырыбы анықталып, эссе, мақала жазу, өлеңді мәнерлеп оқу, айту талаптары мен шарттары белгіленді. Сайыстың атауы танымдық және тәрбиелік жағынан маңызды болуы қажет деген оймен «Абай және бүгінгі заман» деп алынды. Байқау талабына сәйкес, сайыс ауызша (Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу, әндерін айту) және жазбаша («Абай және бүгінгі заман» тақырыбында эссе, мақала жазу) болып екіге бөлінді.

Ауызша және жазбаша сайыстарды бағалауға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздары, абайтанушы-ғалымдар мен дін саласының білікті мамандары тартылып, жұмыстарды бағалады. Ауызша сайыста өлеңді нақышына келтіріп, мәнерлеп оқу, өлең оқуда өзін-өзі ұстай, тыңдаушыны тарта білуі, бейнематериалдың сапасы мен көркемдігі, талапкердің өзіндік эстетикалық ерекшеліктері ескерілді. Ал жазбаша сайысқа жолданған шығармалар антиплагиат бағдарламасы арқылы тексеріліп, автордың тақырыпты таңдауы, оны талдап аша алуы, қажетті дәлел-дәйектерді орынды келтіруі және өз ойын тиянақты қорытындылай білуі тұрғысынан бағаланды. 

Байқауға жолданған шығармаларды филология ғылымының докторы, профессор Шәмшадин Керім, филология ғылымының кандидаты, доцент Мақсат Әліпхан, «Иман» журналының бас редакторы Оңғар қажы Өмірбек бастаған қазылар алқасы бағалады. Сонымен қатар байқау барысында Бас мүфтидің кеңесшісі, «Талаба» қауымдастығының үйлестірушісі Балтабай Мекежанов, қауымдастықтың Түркиядағы жетекшісі Тілепберген Жакиев бастаған азаматтар ауқымды жұмыс атқарды.

Сайыс нәтижесі бойынша байқауда белсенділік танытқан қатысушылар ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғыс хатымен марапатталып, сый-сияпатқа ие болды.