Атырау облысына жұмыс сапары аясында ұстаз, ғалым, республикалық ақпараттық насихаттық топ мүшесі Әбдімүтәлі Қайназарұлы бірқатар мешіттерде кездесулер өткізді.
Осындай кездесулер Мақат ауданындағы Доссор мұсылмандар мешітінде, Атырау қаласындағы Қайтпай Сұлтан мешітінде өтті.
Жамағатпен кездесу барысында ғалым Әбдімүтәлі Қайназарұлы жамағат бірлігі, ауызбірлік тақырыптарында насихат айтып, жұртшылық тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
«Адамзат тарихына үңілетін болсақ, бірлігі жарасқан елдердің ұзақ ғұмыр кешіп алпауыт мемлекетке айналғанын көресіз. Ал, бірін-бірі көре алмай, береке-бірлігін жоғалтқан елдердің тарих сахнасынан ғайып болғанына да куәміз. Таухид сенімін өзіне ту етпеген, өзін елден ерекше санайтындар уақыт өте өзіне-өзі ор қазғанын білмей қалады.
Сол себепті Алла Тағала «Әнфал» сүресінің 46-аятында:
«(Барлық істе ) Аллаға және оның пайғамбарына бойсұныңдар. Өзара тәжікелеспеңдер, әйтпесе әлсірейсіңдер, бойларыңнан қуат қашады. Шыдамды болыңдар. Алла шыдамдыны жақтайды», – деп бұйырған» деп атап өтті ұстаз Әбдімүтәлі Қайназарұлы.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.