Атырауда экстремизм бабымен жазасын өтеушілермен кездесу өтті

Атырау облысына жұмыс сапары аясында республикалық ақпараттық насихаттық топ мүшесі Әбдімүтәлі Қайназарұлы УГ 157/9 ерлер түзеу мекемесіндегі жазасын өтеушілермен кездесті.

Құрамында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы, орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы Мұрат Мұстафаев делегация дінді ұстану, қоғамға құрмет, бірлік тақырыптарында насихат айтты.

«Туған ұлы ата-анасын кәпір деп, олардан бас тартатын діни фанатизмнен аулақ болуға шақырамын.

Егер мұсылман өзгені қасақана өлтірсе, оның орны – мәңгілік тозақ болмақ. Біздің заманда әрекетін дінмен бүркелегісі келетін адамдар бар. Дегенмен олардың дінге деген еш қатысы жоқ.  Дінде діни фанатизмнен сақтану керек. О дүниенің қамымен қатар, адамгершілік, сабырлылық, қамқор болу сынды қарапайым қасиеттерді де бойымызға сіңіре білуіміз керек» деп атап өтті ұстаз Әбдімүтәлі Қайназарұлы.

Еске сала кетелік, Атырау облысына жұмыс сапары аясында белгілі ұстаз, ғалым Әбдімүтәлі Қайназарұлы Мақат, Жылыой аудандарына арнайы барып, облыстағы бірқатар мешіттерде жұртшылықпен кездесулер өткізді.