Адамзаттың түрлі ұлт пен ұлыс болып жаратылу хикметтері

 «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып,  табысуларың үшін сан-алуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле білсеңдер,  Алланың алдындағы ең ардақтыларың  – ең тақуаларың», – деп айтқан.

         Жер бетіндегі барлық адам бір атадан өрбісе де, олардың әртүрлі тілде сөйлеуі, реңдерінің түрлі болуы – Алла Тағаланың хикметтерінен.

Мұсылман адам Алла Тағаланың бұл хикметтерінен ғибраттанып, ұлт, үлыс, нәсіл мәселелеріне қатысты мынадай негізгі үш ұстанымды жадында ұстауы қажет:

Бірінші: әркім өзінің шыққан ата-тегін білу

Кімнің қандай ұлттан дүниеге келетіні Алла Тағаланың қалауымен болатындықтан, әр адам өз ұлтын жақсы көріп, оның тарихын, өзінің шыққан тегін білуі қажет.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):  «Менің Адам атадан бастап, әке-шешеме дейінгі аралықта өткен ата-аналарымның барлығы адал некемен қосылған. Мен сіздерден кісілік жөнінен де, тектілік тұрғысынан да ең қайырлыларыңмын», – деген (имам Бәйһақи).

Екінші: Өзге ұлттарды төмен көрмеу

Дініміз Ислам ешбір ұлтқа бір ұлттың үстінен үстемдікті, бір нәсілдің басқа нәсілден жоғарылығын, бір текті келесі тектен артық қоймайды.  Артықшылық тақуалықта ғана болатындығын түсіндіреді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Уа, адамдар! Расында, Раббыларың бір, аталарың бір. Естеріңде болсын. Арабтың араб еместен, араб еместің арабтан, терісі қызыл адамның қарадан, қараның терісі қызылдан еш артықшылығы жоқ. Артықшылық тек тақуалықта ғана болады. Расында, Алла Тағаланың хұзырында ең ардақтыларың тақуаларың», – деген (Имам Табарани).

Үшінші: Өзгелерді бауырым деп білу

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) насихатының алғашқы кезеңінен бастап ұлты мен нәсіліне қарамастан, барша мұсылмандардың өзара бауыр әрі туыс екендіктерін жариялаған. Қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінің 103-аятында Алла Тағала:

«Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен бауырға айналдыңдар», – деп айтқан.

Хазіреті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мекке қаласынан, Мәдина қаласына қоныс аударып барған уақытта, мұсылмандардың Мәдина қаласындағы түрлі ұлттар мен өзге дін өкілдерімен  бейбіт ғұмыр кешуі үшін «Мәдина конституциясы» делінген құжатты қабылдағаны тарихтан белгілі.

Демек, өз ұлтын сүю деген өзге ұлттарды жек көру дегенді білдірмейді. Мұсылман адам өз ұлтын сүйіп, өзгелерді бауыр дей білуі қажет. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Әрбір азамат өз ұлтын сүюге тиіс және өз ұлтына деген терең сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеп, оларды сүйе білуі тиіс», – деген екен.

Мақсат АЛПЫСБАЙ,

«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы.