Алтынбек Ұтысханұлы «Халық алғысы» медалімен наградталды

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлына «Халық алғысы» медалін Атырау облысы әкімінің орынбасары Нариман Таушов табыс етті.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Атырау облысы әкімдігінде мерекелік іс-шара өтті.

Шара барысында еліміздің әлеуметтік – экономикалық дамуына үлес қосқан бір топ азамат марапатталды.

«Пандемия басталғалы бері Атырау облысының орталық «Иманғали» мешіті зор үлес қосты. Демеушілік көмектерді жұмылдыру арқылы, орталық мешіт ауруханаларға жасанды желдеткіш аппарат, оттегі концентраттарын табыс етті. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға дәрі-дәрмек таратты.

Мұның сыртында, азық-түлік тарату акциялары, киім үлестіру шаралары бар. Бір ғана «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында Атырау облысы мешіттерінің ұйытқы болуымен биыл 11 баспана берілді.

Осынау игі істердің бастауында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы тұр» деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Нариман Таушов.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.