Алтынбек Ұтысханұлы Нұр-Мүбәрак университетінің студенттерімен кездесті (+ФОТО)

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Алматыда Нұр-Мүбәрак университетінің студенттерімен кездесті.

Кездесу барысында студенттердің жағдайымен танысып, Атырау облысындағы діни ахуал, ағарту саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.

«Атырау – еліміздің батыс өлкесіндегі үлкен стратегиялық мәнге ие өңір. Мұнай-газ өндірісінің тікелей Атыраумен байланысты болуы себепті, шет елдік азаматтар да мұнайлы өңірде шоғырланған. Осындай факторларды ескере отырып, діни ахуалдың тұрақты ұстауда мешіттеріміз үлкен жұмыс атқаруы керек. Қазіргі таңда Атырауда 38 мешіт бар.

Шалғай ауылдарда, елдімекендерде салынып жатқан мешіттер де бар. Атырауда қазіргі таңда бұрын-соңды болмаған медресе құрылысы жүріп жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы сала дін мамандарымен толық қамтамасыз етілген жағдайда ғана нәтижесін береді» деген Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы студенттерді Атырау өңіріне келіп еңбек етуге шақырды.

Атап өту керек, Атырау облысында дін саласы мамандарын әлеуметтік қолдау шаралары кешенді түрде іске асырылуда. Дін мамандарын баспанамен қамту, жалақы мәселесі шешіліп келеді.

Кездесуден кейін студенттерге Рамазан құрметіне ауызашар берілді.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.